Әлем • Бүгін, 11:40

Үндістан мен Пәкістан татуласа ма

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10 мамырға қараған түні Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарулы қақтығыс жаңа әрі қауіпті кезеңге аяқ басқан еді. Екі ядролық держава арасындағы ширыға түскен шиеленіс халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырып, БҰҰ, АҚШ, Ұлыбритания сынды жетекші державаларды арағайын болуға итермеледі. Сөйтіп, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен тараптар атысты толық әрі шұғыл тоқтатуға келісім берді. Хош, тамыры бір, тәңірі бөлек елдердің ұрысы неден басталды, енді қайда бағыт алды, бұдан кейін көршілер тонның ішкі бауындай қайтадан араласып кете ала ма? Egemen.kz тілшісі сараптап көрді.

Үндістан мен Пәкістан татуласа ма

Фото: Getty Images

Атыстың тоқтағаны жөнінде Трамп өзі негізін қалаған TruthSocial әлеуметтік желісінде хабарлап, келіссөздердің ұзаққа созылғанын, алайда бейбіт шешімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

«Үндістан мен Пәкістан ақыл мен сабырлылық танытты», деп жазды АҚШ президенті.

Келісімнің нақты мазмұны жарияланбағанымен, Пәкістан сыртқы істер министрі Исхақ Дар мен Үндістан сыртқы істер министрі Викрам Мисри атысты тоқтату туралы шешімнің күшіне енгенін растады. Олардың мәлімдеуінше, келісім 10 мамыр күні жергілікті уақытпен 17:00-де күшіне енді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердің барлық кезеңінде белсенді араласқан. Ол екі ел басшыларымен бірнеше мәрте телефон арқылы сөйлесіп, Вашингтонның бейбіт келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізген.

Ұлыбритания да бұл дипломатиялық күш-жігерден шет қалған жоқ. Елдің сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми мен премьер-министр Кир Стармер келіссөзге өз үлестерін қосқан.

«Қарулы әрекеттер тоқтады. Ендігі міндет — бұл татуласудың баянды болуын қамтамасыз ету»,  деді Стармер Киевтен үн қатқанда.

қақтығыс

Шекара тынышталды ма?

Келісім жасалғанымен, жағдай толық тұрақтады деуге әлі ерте. БАҚ жүйесі Үндістан бақылауындағы Кашмирде жарылыстар естілгенін хабарласа, Гуджарат штатында дрондардың пайда болуына байланысты кей аудандарда жарық өшірілген. Жергілікті билік халықты жарық шашатын құрылғыларды пайдаланбауға шақырып отыр.

Үндістан тарапынан да, Пәкістан жағынан да бір-бірін келісімді бұзды деп айыптаған мәлімдемелер жасалды. Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри Пәкістан бірнеше рет келісімді бұзды десе, Исламабад бұл мәлімдемелерді негізсіз деп атап, «кез келген келіспеушілік дипломатиялық арналар арқылы шешілуі тиіс» деп жауап қайтарды.

 

 Пәкістан неге соғыс жариялады?

10 мамыр күні таңғы сағаттарда Пәкістан үкіметі Үндістанға қарсы «Берік қамал» атты ауқымды әскери операция бастағанын жариялады. Бұған себеп –Пәкістан армиясының ресми өкілі генерал Ахмад Шариф Чоудридің Үндістан үш әскери әуебазаны зымыранмен атқылады деген мәлімдемесі. Шабуылға ұшырады делінген Нур Хан базасы ел астанасы Исламабадқа жақын орналасқан. Алайда Үндістан бұл шабуылдарды мойындамады.

Пәкістан армиясы кейінірек бірнеше үнді нысанына, соның ішінде «БрахМос» зымыраны өндірілетін кәсіпорын мен Удхампур және Патханкоттағы әскери базаларға соққы бергенін мәлімдеді. Үндістан бұл ақпаратты жоққа шығарып, «дезинформацияға негізделген» әрекет деп атады.

Үнді билігі Пәкістан тарапынан келген дрондар мен зымырандарға жауап ретінде бірнеше ондаған дронды атып түсіргенін мәлімдеді. Және де елдің ақпарат және хабар тарату министрлігі «Үндістан бейбіт тұрғындарды қорғауды басты міндет санайды» деген ұстанымын білдірді.

қақтығыс

Қауіп сейілді ме?

Оңтүстік Азиядағы бұл қақтығыс соңғы 30 жыл ішіндегі ең ауыр әскери текетірес ретінде бағаланып отыр. Reuters агенттігінің дерегінше, 7 мамырдан бері дрондар мен зымыран соққылары салдарынан кем дегенде 48 адам көз жұмған. Бірақ нақты құрбандар саны анықталмаған.

Қақтығыс 7 мамыр күні Үндістанның Пәкістан аумағына жасаған зымыран соққысынан басталды. Делидің түсіндіруінше, бұл шабуылдар Пәкістан тарапынан дайындалған террорлық актілерге қарсы бағытталған. Екі апта бұрын Үнді Кашмирінде туристерге жасалған шабуылда 26 адам қаза тапқан болатын. Исламабад мұндай әрекеттерге қатысы жоғын алға тартты.

 

Халықаралық алаңдаушылық

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш атысты тоқтату келісімін оң қадам деп бағалады. Ол қос тараптың диалогқа дайын екенін айтып, БҰҰ-ның бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Ал BBC-дің Оңтүстік Азия жөніндегі шолушысы Анбарасан Этираджанның пікірінше, ядролық қаруға ие екі ел арасындағы зымыранмен атысу – халықаралық қауымдастық үшін аса қауіпті нышан.

«Екі тарап та үлкен шығынға ұшырады. Бұл қақтығыс беймәлім әрі өте қауіпті жолға түсіп бара жатқандай», деп жазады ол.

Осылайша, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс бір сәтте ушығып, қайта тоқтады. Алайда екі ел арасындағы сенім дағдарысы әлі шешілген жоқ. Бейбітшілікке бағытталған кез келген қадам — мұқият бақылауды, салқынқандылықты, ең бастысы, ашық әрі әділ диалогты қажет етіп тұр.