
Фото: ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су ресурстарын халықтың жайлы өмір сүруі үшін қажет негізгі игіліктердің бірі ретінде атап өткен болатын. Сонымен қатар, суды ұтымды әрі жауапкершілікпен пайдалану елдің экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығы үшін маңызды екеніне ерекше назар аударған еді.
Тариф – тәртіп пен үнемнің тетігі
Министрдің айтуынша, суармалы суды пайдалану бойынша жаңа тарифтік әдістеме әзірленіп жатыр. Жаңа тәсіл ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері мен суды тұтыну көлеміне қарай сараланып белгіленеді. Бұл қадам су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандырып, тұтынушыларды жауапкершілікке бастайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы суға тарифтік реттеу функциясы Су ресурстары министрлігіне берілді. Бұл саладағы бірыңғай және әділ саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
Ал халықты тұрмыстық сумен қамтамасыз етуде «аз тұтынсаң – аз төлейсің» қағидатына негізделген сараланған тарифтер жүйесі енгізілді. Жаңа жүйеге сәйкес:
- I топ: 3 м³-ке дейін – бұрынғы тариф (тұрғындардың 49%-ы);
- II топ: 3–5 м³ – тариф +20% (20%);
- III топ: 5–10 м³ – тариф +50% (20%);
- IV топ: 10 м³-ден артық немесе есептегішсіз тұтыну – тарифтің 2 есе өсімі (11%).
Осы жүйенің нәтижесінде алты өңірде (Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары) ай сайын 1,6 млн м³ су үнемделіп, шамамен 900 млн теңге қаражат жиналған. Бұл қаржы су құбырларын жаңғыртуға бағытталады.
Су дипломатиясы – өңірлік тұрақтылықтың кепілі
Министрлік қызметінің тағы бір басым бағыты – халықаралық су ынтымақтастығы. Қазақстан көршілес мемлекеттермен трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мен қорғау жөнінде тұрақты келіссөздер жүргізіп келеді.
2023 жылдан бері Сырдария, Шу, Талас өзендері және Ресей мен Қытаймен арадағы келісімдер бойынша 80-ге жуық кездесу өткен. Атап айтқанда:
2025 жылғы 18 наурызда Қазақстан мен Қытай арасында су ресурстары саласындағы ынтымақтастық туралы алғашқы меморандумға қол қойылды. Ал Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару жөніндегі келісім жобасы пысықталып жатыр.
Су мәселесінде бірлесе әрекет ету – уақыт талабы. Министр Нұржігітовтің айтуынша, үйлесімді ынтымақтастықтың арқасында жыл сайын 10 млрд м³ су үнемдеуге және жинақтауға мүмкіндік туады. Бұл 2040 жылға қарай Орталық Азияда болжанып отырған 12–15 млрд м³ көлеміндегі су тапшылығының кері әсерін азайтуға ықпал етеді.