Қазақстан • Бүгін, 17:55

«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанаты өтті

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанаты өтті

Фотолар: Ақорда

Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады. Бүгін қол қойылған құжаттардың жалпы сомасы 5 миллиард долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтитын коммерциялық келісімдер серіктестік аясын кеңейтуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағдаластықтардың толық жүзеге асырылуына екі елдің бизнес және корпоративтік сектор өкілдері елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

ақорда

«Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз», деді Президент.

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жөнінде айтты. Осы орайда шетелдік инвесторларға, соның ішінде БАӘ компанияларына жүйелі әрі жедел көмек беру үшін құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмысы туралы мәлімет берді.

«Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді.

Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

ақорда

«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында мынадай коммерциялық келісімдерге қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен QazaqArab Sugar ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытының құрылысы жобасы бойынша инвестициялар жөніндегі келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Presight компаниясы арасында мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысы бойынша меморандум;
  3. Астана қаласы Білім басқармасы мен Emirates Kazakhstan Education Investment Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  4. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Abu Dhabi Global Market арасында мәліметтерді қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
  5. «ҚМГ Инжиринг» ЖШС мен AIQ арасында білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеуге арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
  6. «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  7. Semurg Invest ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group арасында «Құрық» көпмақсатты терминалының құрылысы және оны дамыту қағидаттары жөніндегі келісім;
  8. «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағы АҚ мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. «Alel Agro» АҚ мен LULU Group арасында агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.