
Қаллеки театры халық аспаптар ансамблінің мүшесі, домбырашы Әлібек Қайырбек - қасиетті домбыраны әлемнің ең биік нүктелерінде күмбірлетіп жүрген өнер иесі. Бұл жолы ол Айленд Пик шыңының басында қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай күй орындап, ұлттық өнерді биікке көтерді. Бұл орындау театрдың халық аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі, марқұм Маралжан Мырзақұловаға арналды.
Экспедиция халықаралық «Әлем шыңдарындағы домбыра» жобасы аясында өтті. Бұл жобаның негізін қалаған Әлібек: «Қазақ күйінің үнін әлемнің ең биік нүктелеріне жеткізу басты мақсат» - дейді.
Сапар барысында Әлібек Кала Паттар шыңына (5644 м) көтерілді. Сонымен қатар, Кхумбу өңірінің ауылдарында шағын концерттер беріп, қазақтың қасиетті домбырасын жергілікті халыққа таныстырды.