Спорт • Бүгін, 15:30

Астанада халықаралық ат спорты жарыстары өтеді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың 30 мамыры мен 1 маусымы аралығында Астана қаласындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені базасында халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шара – конкурдан Еуразиялық Лиганың Әлем Кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада халықаралық ат спорты жарыстары өтеді

Фото: Ашық дереккөз

Ауқымды жарыстар Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ресми қолдауымен, халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылады. Іс-шараға алыс және жақын шетелден, атап айтқанда, алты елдің үздік құрамалары қатысады деп күтіледі.

«Үш күн ішінде 60-тан аса үздік спортшы әр түрлі кедергілерден тұратын  маршруттар мен  атпен жүруден  өз шеберліктерін көрсетеді деп жоспарланған. Конкур – ол жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру. Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды», деп хабарлайды Ат спорты федерациясының баспасөз қызметі

Аталған жарыстың Астанада өтуі еліміздегі ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанының көрінісі. Бұл турнир қазақстандық спортшылар үшін тәжірибе алмасу, шетелдік мықты қарсыластармен бәсекеге түсу, сондай-ақ халықаралық турнирлерге жолдама алу мүмкіндігі болып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылғы Әлем Кубогы кезеңдерінің Еуразиялық Лигасы сегіз кезеңнен тұрады: Ташкент (Өзбекстан) – 1 және 2 кезең, Бішкек (Қырғызстан) – 3, Астана (Қазақстан) – 4, Тбилиси (Грузия) – 5 және 6, Ереван (Армения) – 7, Тегеран (Иран) – 8. Лига аясында өтетін «Grand Prix» бас маршрутының қорытындысы бойынша 2025 жылғы конкур бойынша Әлем Кубогының финалына лицензия сарапқа салынады.