Қоғам • Кеше

Жылда жөнделетін көшелер тиімсіз жоспарлаудың көрінісі ме?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың күн сайын өсіп, дамып жатқаны қуантады. Алайда қала тұрғындарының өмірінде әлі күнге дейін шешілмеген өзекті мәселенің бірі – жол жөндеу жұмыстары. Жыл сайын қайталанатын жөндеу, аяқталмайтын асфальттау мен қайта қазылған көшелер – бұл астаналық жүргізушілердің жүйкесін жұқартатын жағдайға айналды.

Жылда жөнделетін көшелер тиімсіз жоспарлаудың көрінісі ме?

Көктем келе сала елорда көшелерінің әр бұрышынан ауыр техника мен жұмысшылар көріне бастайды. Әсіресе Тұран, Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Бейбітшілік сынды негізгі магистралдар жиі жөнделеді. Бір қызығы, бұған дейін ғана жаңартылған кейбір жолдар келесі жылы тағы қазылып жатады. Тұрғындар арасында: «Бұл жолдың сапасы нашар ма, әлде жоспарлау дұрыс жүргізілмей ме?» деген сұрақ жиі туындайды.

Мамандардың айтуынша, жол жөндеудің жиі қайталануына сапасыз құрылыс материалдары, қыстағы қатты аяздан асфальттың бұзылуы, жол асты инженерлік желілерін (су, жылу, электр) жиі ауыстыру қажеттілігі, мердігер компаниялардың жауапсыздығы мен бақылаудың әлсіздігі себеп болуы мүмкін. 

Жол жөндеуге қыруар қаржы бөлінсе де, кейбір көшелердің тозуы бір-екі жыл ішінде-ақ байқалып жатады. Бұл ретте мемлекеттік бақылау мен техникалық қадағалау жұмыстарының сапасын көтеру қажеттілігі айтылып жүр.

Жөндеу жұмыстары көбіне күндізгі уақытта жүріп, жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Кейде бір ғана жолақ ашық қалып, сағаттап созылатын кептелістерге себеп болады. Жүргізушілердің айтуынша, таңертеңгі және кешкі уақытта жұмысына не үйіне жету үшін бұрынғыдан екі есе көп уақыт кетеді.

Қала әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының маусымдық екенін айтып, кешірім сұраумен шектеледі. Дегенмен, мәселе жыл сайын қайталанып жатқаны – жүйелі кемшіліктің барын көрсетеді.

Астана сияқты қарқынды дамып жатқан қалада жол жөндеу – міндетті процесс. Алайда бұл процесс тұрғындардың өмір сапасына кері әсер етпеуі тиіс. Әрбір жөнделген жол кем дегенде 5-7 жыл пайдалануға жарамды болуы қажет. Әйтпесе, жыл сайын қайталанатын құрылыс – елорда мәртебесіне көлеңке түсіреді.