
Жуырда АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Украина Экономика министрі Юлия Свириденко Вашингтонда сирек кездесетін металдар жөніндегі келісім құжатына (Reconstruction Investment Fund – RIF) қол қойды. Украина министрлер кабинетінің сайтында жарияланған келісім мәтінінде көрсетілгендей серіктестік аясында Украина Құрама Штаттарға өзінің табиғи ресурстарын барлауға мүмкіндік береді.
Келісім жарияланғанға дейін Юлия Свириденко Facebook әлеуметтік желісінде оның мақсаттары мен шарттарын түсіндіріп жазба қалдырды. «RIF минералдық, мұнай-газ жобаларына, сондай-ақ тиісті инфрақұрылым мен өңдеуге инвестиция салады. Алғашқы он жылда барлық кіріс тек Украинаға инвестицияланады деп күтіліп отыр. Жаңа жобалар қаржыландырылып, елді қалпына келтіруге жұмсалады», деп жазды ол.
Құжатта алюминий, барит, бериллий, висмут, гадолиний, галлий, германий, гольмий, диспрозия, еуропий, иридий, иттербий, иттрий, индий, кадмий, калий, кобальт, лантан, литий, лютеций, магний, марганец, мыс, мырыш, неодим, никель, ниобий, мұнай, палладий, платина, флюоршпаты, празеодим, родий, рубидий, рутений, самарий, скандий, сүрме, тантал, теллур, тербий, уран, ванадий, церий, цезий, хром, цирконий, фтор, эрбий, табиғи газ секілді табиғи ресурс көрсетілген.
Минералдық ресурстар туралы құжатқа қол қойған соң Украина министрі келісімнің негізгі бағыттарын жариялады. Оның мәлімдеуінше, Украина ресурстарға толық иелік етіп, бақылайды, сондай-ақ қай жерден, қандай пайдалы қазба өндіретінін анықтайды. АҚШ бұл келісімге халықаралық даму қаржылық корпорациясы (DFC) мемлекеттік мекемесі арқылы қолдау білдіреді. Бұл мекеме Украинаға АҚШ, Еуропалық одақ және басқа елдерден инвестициялар мен технологияларды тартады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Украинаның мемлекеттік компаниялары жекеменшікке өткізілмейді, «Укрнафта» және «Энергоатом» мемлекеттік меншікте қалады. Мәміледе Киевтің Вашингтон алдындағы ешқандай қарыз міндеттемелері де айтылмайды. Қорға қаржы тек маңызды материалдар саласындағы және мұнай-газ секторындағы жаңа жобалардан түседі, осы жобалардан түсетін кірістің 50 пайызы RIF-ке аударылады.
АҚШ-пен пайдалы қазбалар бойынша келісімді Украина парламенті де мақұлдады, 338 депутат қолдау білдірді. Келісімде екі ел сирек минералды ресурстарды бірлесіп өндіреді делінген. Ал арнайы қор құру үшін АҚШ алдымен жарна төлеуге тиіс. Қор 10 жыл жұмыс істейді деп жоспарланған.
Ал сарапшылар екі ел арасындағы ресурстық мәміле елеулі өндірістік проблемалар тудырады деп отыр. «The Washington Post» (WP) газеті сала мамандарына сілтеме жасай отырып «Украина мен АҚШ арасындағы пайдалы қазбалар туралы келісім Вашингтонның ресурстық секторда кездесетін көптеген мәселесін шеше алмайды. Киевтің мұнай мен газ өндіруге айтарлықтай мүмкіндіктері жоқ», деп жазады. Сондай-ақ мақалада логистикалық, экономикалық тұрғыдан кедергілер көп екені айтылған. Оның үстіне келісім тез нәтиже бермейді, өйткені титан, графит және литийді өндіріп, АҚШ-қа жеткізу қиын, бұл «алыс болашақта» іске асатын дүние, ал мұнай-газдың әлеуеті шектеулі. Сондай-ақ SAFE маңызды минералдар бойынша сарапшысы Эбигейл Хантердің айтуынша, украиндық литий кен орны Ресейдің бақылауындағы аумақта орналасқан.
«Бұл келісім барлық өзекті мәселенің шешімі емес. Әсіресе Қытайдың ұстанып отырған қазіргі салық саясатына еш әсер ете алмайды», деген пікірде Жаһандық энергия орталығының директоры Рид Блейкмор. Оның үстіне, Қытай мен АҚШ арасындағы шектеулердің шешімі болатын 17 сирек жер металының қоры Украинада да аз.
Сарапшылар сонымен қатар Украинаның мұнай мен газ өндіруге айтарлықтай мүмкіндіктері жоқ деп есептейді. Техас университетінің энергетика саласындағы сарапшысы Бен Кэхилл: «Мен дүние жүзінде мүмкіндіктері бар ірі компаниялар Украинаны инвестициялау үшін бәсекеге қабілетті орын ретінде қарастырады деп ойламаймын. Кейбір кішірек, тәуелсіз компаниялар тәуекелге баруы мүмкін», деді «The Washington Post»-қа берген сұхбатында.
Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше, АҚШ Украинадағы қажетті ресурстардың қоры туралы деректерді кеңестік кезеңдегі зерттеулердің көрсеткішімен ғана шектелген. Олар Киевтің қазіргі жағдайы дұрыс зерделеніп, есепке алынбай отырғанын айтады. Тиісінше, АҚШ кен орындарында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп барып, шешім қабылдауы қажет еді.
«Біз АҚШ, Канада және Аустралия сияқты елдерде пайдалы қазбаларды барлау үшін қаражат таба алмай, қиналып жатырмыз. Ал Украинада бұл жұмыстарға ақша табу қаншалықты қиын болатынын елестетудің өзі қиын», дейді АҚШ Энергетика министрлігінің бұрынғы қызметкері Эшли Зумвалт-Форбс.
Бұл келісім ақпан айынан бастап талқыланып, екі жақ бір-бірінің талабына келіспей, бірнеше рет өңдеуден өтіп барып мақұлданды. 26 сәуірде Трамп пен Зеленский Ватиканға Рим Папасы Францискті жерлеу рәсіміне келген кезде Әулие Петр ғибадатханасында бетпе-бет кездесті. «Axios» хабарлауынша, Зеленский 15 минуттық кездесуде АҚШ президентін Владимир Путинге қарсы қатал позиция ұстануға шақырған, содан кейін Трамп Ресей президентін Киевке жасалған жаппай шабуылы үшін сынға алған. Алайда «Axios» мәліметіне сүйенсек, Трамп Зеленскийге сирек кездесетін металдар туралы келісімге мүмкіндігінше тезірек қол қоюға «қысым» жасағаны белгілі.
Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің айтуынша, Трамп әкімшілігі қантөгісті тоқтатуға ынтасы бар десе, екінші жағынан Украина мүддесі ескерілетін әділетті бейбітшілік болуы керек.