
Жаңа сауда өкілдігі Дубайдағы Expo City Dubai аумағында орналасқан Қазақстан павильоны базасында жұмыс істейді. Жалпы аумағы 3 420 м² болатын нысанның 2 415 м²-і толыққанды функционалдық кеңістік ретінде жабдықталған. Мұнда заманауи кеңселер, көпфункционалды іскерлік аймақтар, көрме галереясы, мейрамхана мен қоймалар орналасқан. Бұл алаң экспортты ілгерілету мен сауда логистикасы үшін кешенді платформа қызметін атқармақ.
QazTrade Dubai-дың басты мақсаты — қазақстандық өнімдерді Парсы шығанағы нарығына бейімдеп, тұрақты әрі тиімді өткізу арналарын қалыптастыру. Бұл ретте өңірлік өкілдік келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:
-
өнімді нарық талаптарына бейімдеу;
-
техникалық және сауда кедергілерін еңсеру;
-
мемлекеттік қолдау құралдарын іске асыру;
-
сыртқы саудадағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды кеңейту.
Сонымен қатар, павильонда отандық өндірушілердің тұрақты шоу-румы, B2B-кездесулер, сауда миссиялары мен салалық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Арнайы құрылған штаб экспорттаушыларға логистика, маркетинг, өнімді бейімдеу мен бренд жылжыту бағытында нақты көмек көрсетпек.
БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінің нарығы – импортқа шектеу қоймайтын, бірақ жоғары сапа мен бәсекеге қабілеттілікті талап ететін нарық. Бұл өңірде азық-түліктен бастап өнеркәсіптік тауарларға дейінгі кең ауқымды өнім түрлеріне сұраныс жоғары. Сол себепті, қазақстандық тауарлардың алуан түрін экспорттауға мол мүмкіндік бар.
QazTrade мәліметінше, 2023 жылы Қазақстаннан БАӘ-ге ең көп экспортталған тауарлар мыналар болды:
-
Күміс – $55,2 млн (42,1%);
-
Сутегі және инертті газдар – $13,1 млн (10%);
-
Қой мен ешкі еті – $8,1 млн (6,2%);
-
Болат прокаты – $5,2 млн (4%);
-
Кептірілген бұршақ көкөністері – $4 млн (3,1%);
-
Яхталар мен жүзу құралдары – $3,5 млн (2,7%);
-
Азотты тыңайтқыштар – $2,9 млн (2,2%);
-
Сұйық сорғылар – $2,7 млн (2%);
-
Қож мақта – $2,4 млн (1,8%).
QazTrade Dubai өңірлік өкілдігінің ашылуы – Қазақстанның сыртқы экономикалық стратегиясының маңызды кезеңі. Бұл қадам Парсы шығанағы нарығына отандық өнімдердің жүйелі және сапалы енуін қамтамасыз етіп, ел экспортының географиясын кеңейтуге жол ашады.
Жаңа алаң – тек сауда өкілдігі ғана емес, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін тоғыстыратын халықаралық экономикалық ынтымақтастық орталығы ретінде қызмет етеді.