Ғалымдарға тегін берілген баспана жобасының талабы мен тәртібі бойынша бұған атында үйі жоқ адамдар ғана үміткер бола алады. Былай қарағанда, дұрыс секілді. Әлеуметтік қолдау негізінен маманға кәсіби жолында атқарған елеулі еңбегін ескеру, көтермелеу, бағалау, әрі қарай да жұмысқа ынталандыру мақсатында көрсетіледі. Ғылым тақырыбын тұрақты түрде жазып жүрген журналист ретінде көзіміздің жеткені – бір зерттеушінің елдегі бүтін бір саланы алға жылжыта жүріп, қосымша түн демей таксилетіп айналдырған бір бөлмелі пәтердің 20 пайыз алғашқы жарнасын жинап, бақандай 25 жылға банктің бұғауына ілігіп, ипотекалық кредитпен үй алғаны. Ал екінші бір ғалымның гранттық қаржыландыру, қомақты ақшалай ынталандыруы бар байқаулар мен сыйлықтар, стипендиялардың біреуін де қалт жібермей, яғни алғашқы жарнаға жетерлік қаражаты бола тұра, одан қалды ата-анасының атына алған демесеңіз, өз шаңырағында тұрып жатса да, әйтеуір құжат жүзінде таза болып, үйсіз адам ретінде үкіметтен пәтер алғаны.
Енді қараңыз, бізде ғалымдарға, дәрігерлерге, журналистерге, мұғалімдерге, орманшыларға, шахтерлерге үй берілді деген сарында сөз айтылады. Демек үй берілерде басында баспанасы бар-жоғына емес, ең алдымен, жұмысының өнімділігіне басымдық берілуге тиіс қой. Мүмкін оның бар дегені 50 жыл бұрынғы жатақхана шығар, яки әлі 24 жылы өтелуге міндетті ипотекалық үй болар, зерттелмейді. Мысалы, ақын-жазушыларға, спортшыларға немесе ел алдында жүрген жандарға пәтер кілтін беруге оның мегаполистегі элит санатты тұрғын үйдің үш бөлмелі пәтерінде тұратыны еш кедергі болмайды, нақтырақ айтсақ, оның шығармашылық, анығы кәсіби еңбегі ескеріледі. Өткенде Олимпиада чемпионына бір емес, екі көлік сыйланғаны есімізде. Бұл жерде ешқандай айыптау жоқ, байыптау арқылы фактіні келтіруді ғана көздедік. Түрлі уәж айтуға болады, маңыздысы біз атында үйі болса да әкімдіктен, айналып келгенде мемлекеттен су тегін, кейде тіпті тегін баспана алған жағдайлар барын меңзеп отырмыз. Лайық адамның қандай жағдайда да осындай сый алғанына тек қуанамыз, десе де еңбегін елеусіз қалдыру күнә болатын мамандар бар.
Айталық, бір топ ғалым ковид кезінде отандық бірегей вакцина әзірлеп, пандемиямен күресте жанкештілік танытты. Отардағы жабық институтқа арнайы барып репортаж жасап, кейін отандық вакцинаны дайындаған топпен, жетекшісімен сұхбаттасып, кең көлемде насихаттап, іс жүзінде де дәріптеп, екпені өзіміз де салдырып, қауіпті инфекциядан қорғанған едік. Ал сол ғалымдар үй алды ма? Алса, министрлік пен әкімдіктің өзі сүйіншілер еді, өкінішке қарай, ондайды естімедік. Үйі болса да үй, көлігі болса да көлік беруге тұрарлық мамандардың бірі солар еді. Мұндай мысал журналистік жолымызда көп кездесті. Бірақ біз қағазға байланған буынбыз ғой, сол үшін де өзінің баспанасы мен көлігі болса да, құжат жүзінде өзгенікі болып жүрген жанды жарылқаймыз.
Бір жағынан бұл талап масылдықты, тойымсыздық синдромын, көзбояушылық сананы қалыптастыратын секілді. Осылай ойлауымызға да өмірдегі жайт себеп болды. Қайбір жылы бір танысымыздың қалтасы қампайды. Жұмысы бағаланып, тәп-тәуір ақша түсті, кемі 2 бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасы болуға жарайды. Қуанышын бөлісіп отырған одан жанымыздағылар «Енді өз үйіңе көшетін сәт туған сияқты ғой» деген мазмұнда сұрақ қойды. Ал ол «Жоға, тегін үй бергенше шешемнің атына алған пәтерімде тұра берем ғой», деп еді. Әрі таңғаларлығы сол адам көп өтпей мемлекеттен тегін баспанаға ие болды. Әлгі маманнан әлдеқайда нәтижелі, тіпті жұмыс беріп отырған ұйымның ілгерілеуіне, дамуына айтарлықтай үлес қосып, мамандығына адалдық танытып жүрген әріптесі ала алмады. Себебі ол тапқан-таянғанын өз атындағы және ипотекадағы үйіне салып тыраштанған.
Кейде өмірдің өзі парадокс сияқты. Кейбір талап әккілерді қолдан жасауға, шын лайықтың көлеңкеде қалып қоюына «септесетін» секілді. Шын мәнінде, құжатқа бағынбайтын, керісінше, заң мен талапты өзіне бағындыратын жайттар барын ұмытпау қажет-ақ