
Жаңа сервистің қажеттілігі «eGov» қосымшасындағы онлайн сауалнама нәтижесінде айқындалды. Сауалнамаға 50 мыңнан астам адам қатысып, олардың 53%-ы жеке деректерінің интернетте тарап кеткенін байқаса да, қайда жүгінетінін білмейтіндерін мойындаған. Ал 62%-ы мұндай жағдайда қалай әрекет ететінін білсе, 31% адам фишинг дегеннің тіпті не екенін түсінбейтін болып шықты. Бұл – интернеттегі алаяқтардың ең көп қолданатын айласының бірі. Әр бесінші адам ғана жалған сайтты шынайы сайттан ажырата алатынын айтқан.
Осы олқылықты ескере отырып, «Nomad Guard» деп аталатын жаңа сервис іске қосылды. Бұл қызмет фишингтік сілтемелерді, жалған сайттарды және деректердің таралу фактілерін тексеруге мүмкіндік береді.
Аталған қызметті қалай қолдануға болады? Ең әуелі, «eGov Mobile» қосымшасына кіріп, «Басқа сервистер» бөліміне өту қажет. Содан соң «Тексер» батырмасын басып, сайттың немесе сілтеменің мекенжайын енгізіп, «Жіберу» батырмасын басу керек. Ал тексеру нәтижесін «Менің тексерулерім» бөлімінен көре аласыз.
Сондай-ақ қосымшада «Алаяқтық» бөлімі бар, бұл арқылы күмәнді жағдайлар туралы хабарлауға болады.