Музей • Бүгін, 08:25

Музей шамдары жарқыраған кеш

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атаулы жобаға айналған «Музей түні» акциясының бастау алғанына биыл жиырма жыл толды. Мазмұны бай мәдени жоба алғаш қанат қаққан Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей мыңбояулы шаһар тұрғындарына биыл да ұмытылмас мереке сыйлап, тарих пен дәстүр дәріптелген шараға 20 мыңға тарта көрермен қатысты.

Музей шамдары жарқыраған кеш

Музей алаңқайына тігілген сәнді сахна тәлімді кештің сал­танатын асырды. Бұл түні Алматы аспаны самаладай жар­қырап, алатаудан ескен сал­қын самал ашық алаңда концерт тамашалаған жұртқа көте­рің­кі көңіл күй сыйлады. Сахна тө­рінде танымал мәдениет қайрат­керлері өнер көрсетіп, ұлттық құн­­дылықтарымызды дәріптей­тін қойылымдар көрсетілді. Ал му­зейдің экспозициялық залдарын­да бірнеше көрменің тұсауы кесіл­ді.

Мәселен «Жауһар жәдігер» көрмесінде музейдің негізгі экспозициясынан тыс сақталып келген, аса құнды әрі бірегей экспонаттар жұртшылыққа таныстырылды. Олардың қатарында кейінгі жылдары археологиялық қазбалар­дан табылған алтын бұйымдар, асатаяқтың гауһармен көмкерілген басы, гильоширлі техникамен орындалып, гаухар, рубин, гранат, інжу тастармен безендірілген Фаберженің сәнді жұмыртқалары мен басқа да сирек кездесетін жауһар жәдігерлер шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды.

Музей қорында сақталған сирек хаттар мен құжаттар негізінде дайындалған «Хат жазып тұр...» көрмесі әр дәуірдің хат алмасу мәдениетін көрсетті. Экспозицияда пошта маркалары, ашықхаттар, конверттер, Морзе аппараты мен ескі жазу мәшіңкелері ұсынылды. Әсіресе, Б.Момышұлының Ғ.Мүсіреповке жазған хаты, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы хаттар мен тарихи құндылығы жоғары маркалар, суреттер келушілердің ықыласына ие болды.

ро

«Шабыт жаңғырығы» атты тағылымды көрме қазақ бейнелеу және мүсін өнерінің көрнекті өкілдері – суретші М.Кенбаев пен мүсінші Х.Наурызбаевтың 100 жылдығына, суретшілер В.Антощенко-Оленевтің 125, Н.Цивчинскийдің 120, Е.Си­дор­киннің 95 және мүсінші Е.Сергебаевтың 85 жылдық мерейтойларына арналды. Көрмеде М.Кенбаевтың туған жердің тарихы мен ұлттық тұрмысты бейнелеген кескіндемелері, В.Ан­тощенко-Оленевтің графикалық және романтикалық туындылары, Н.Цивчинскийдің соғыс жылдары салған натуралық шы­ғармалары, Е.Сидоркиннің ұлт­тық өнер мен эпосқа, әдебиет пен тарихқа негізделген туындылары, сондай-ақ Х.Наурызбаев пен Е.Сергебаевтың жеке заттары мен мүсіндік еңбектері ұсынылды.

Ахмет пен Ғазиза Жұба­новтардың мемориалды музейі атақты композитор­лар Ахмет Қуанұлы мен Ғазиза Жұбано­ва­ның, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шығармашылық мұрасын таныстыратын көрме ұсынды.

Іс-шара аясында Иранның Алматыдағы Бас консулдығы жа­нындағы Иран мәдени өкілдігі ұсынған көрмеде Есфахан қала­сынан арнайы келген шеберлер Нафиса Оруджи мен Мариям Джаффари өздерінің сәндік-қол­данбалы өнер бұйымдарын – дәстүрлі кестелер, панно, сөмке­лер, әшекейлерін көрсетті. Сонымен қатар Хоссейн Хушбатен парсы каллиграфия өнерінің қыр-сыры туралы баяндады. Көрмеде күміс және мыс ыдыстар, ежелгі қалалар бейнесі, «Абай мен Фирдоуси» тақырыбындағы көркем туындылар, ортағасырлық ойшылдар бейнеленген мүсіндік  шығармалар көрермен қызығушылығын тудырды.

Кеш қонақтары отандық қолөнершілердің «Өнердің си­қырлы күші» көрме-жәр­мең­кесін де тамашалады. Автор­лық ыдыс-аяқтар, зергерлік бұйымдар, тоқыма және басқа да сәндік бұйымдар шеберлердің жоғары деңгейін көрсетті.

Зағип жандарға арналған «Сау­сақ ұшындағы өнер» тактильды көрмесінде Әбілхан Қастеев, Николай Хлудов, Диана Мұхам­мед сияқты белгілі қылқалам ше­берлерінің картиналары қо­йылған. Туындыларды тактиль­ды форматта әзірлеуге Т.Жүрге­нов атындағы өнер академиясы­ның оқытушылары мен студенттері үн қосқан. Жобаға арналған аудио­дискрипцияны аударма ісінің кәсіби маманы Анна Лоенконың жетекшілігімен Maksut Narikbayev атындағы жоғары гуманитарлық мектеп магистранттары әзірлеген.

«Музей түні» акциясы барысында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері: текемет шебері Әлия Сауғабекова, сырмақ шебері Тамара Қапқызы, киізбен жұмыс істейтін Бахытжан Қасымжанова мен Анаргүл Нарботанова, макраме шебері Бақытжан Жұмалиева, сырғалақ техникасында жұмыс істейтін Несібелі Асылбек, құрақ көрпе шебері Эльмира Өтешова, суретші-мүсінші Юлия Пицык келушілерге ұлттық бұйымдарды жасаудың қыр-сырын үйретті. О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі сту­денттері мен оқытушылары да «тоқу өнері», «көркем кескіндеме», «керамика» бағыттары бойынша шеберлік сабақтар өткізді.

«Музей түні» – бұл жай ғана экскурсия емес, бұл – тарихпен тілдесудің, ұлттық құндылықпен қауышудың сәті. Бұл түні музей шамдары жарқырап, келуші­лерге ерекше формат ұсынылды. Мұндай акциялар әсіресе жас­тар үшін маңызды. Бұл – ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту­дың бір жолы. Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаның кең өріс алуына үлкен қолдау танытты», дей­ді Мемлекеттік орталық му­зейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров.

 

АЛМАТЫ