
«Осыған дейін еліміздің жетекші үш музейі ұлттық мәртебеге ие болды. Бұл олардың қызметіне орасан зор серпін берді. Ғылыми-зерттеу саласында, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.
«Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Мерейлі даталарға орай өтетін іс-шаралар мазмұнды, тағылымды болуы керек. Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.