Үкімет • 21 Мамыр, 2025

Басым міндеттер талқыланды

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды жастарымен кездесті. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және өңірді дамыту мәселелері, сондай-ақ палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.

Басым міндеттер талқыланды

Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуде өңірлерді нәтижелі дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асырудың маңызды екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық сала бойынша алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамы­туға көңіл бөлініп жатыр. Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар айқын­далды. Мұның бәрі – Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру үшін қолға алынған кешенді бастамалар. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы міндеттерді іске асыру жолында сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылы мен бірлескен жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар палата спикері Ақтөбе облысының жоғары әлеуеті мен экономикалық өсу қарқынына назар аударды. Кездесуге қатысушылар аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелерін де талқылады.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі міндеттер мен биыл қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық аясында рухани дипломатияны ілгерілету тетіктері сөз болды.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде білімді жас буынның елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне, олардың бойына жасампаз құндылықтар мен өршіл идея­ларды сіңірудің және өскелең ұрпақты жүйелі қолдаудың маңызына баса мән берілді. Соның барысында «Ұлттық қор – балаларға», «Болашақ», «Жастар», «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі және басқа да дарынды жастардың әлеуетін арттыруға тың мүм­кіндіктер беретін стратегиялық бағ­дар­­ламалар мен жеңілдіктер туралы айтылды.

«Қазақстан әділет үстемдік құратын заманауи әрі қуатты мемлекетке айналуы керек. Бұл мақсатқа жастардың қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Себебі даму үшін тың идеялар, жаңа көзқарас пен сарқылмас күш-қайрат керек. Сондықтан жас буынның тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап, олардың бойына өзін өзі дамыту, үздіксіз білім алу, тал­дау жасау, эмоционалдық интеллекті шың­дау сияқты қабілеттерді дарыту қажет. Бұл ретте дұрыс құндылықтарға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жария­лаған «Адал азамат» тұжырымына табан тіреу айрықша мәнге ие», деген палата спи­кері жастарға Сенаттың заң шығару қыз­меті мен оның негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Сапар барысында сенаторлар Син­гапур жүйесі және басқа да озық білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын «Aqbobek» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына барып, IT-кабинет, «Comics Room», өнер, әдебиет залдары мен өзге де мамандандырылған алаңдардың жұмысымен танысты. Бұған қоса Парламент депутаттары мүгедектігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының және фарфордан жасалған бұйымдар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.