Қоғам • Кеше

Ақылы автотұрақтар қаншалықты тиімді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада көлік саны жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, тұрақ мәселесі де қала тұрғындарының уайымына айналды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елорда көшелеріне ақылы автотұрақ жүйесі енгізілген еді. Алайда, бұл тұрақтар да жүргізушілер үшін қолайлы болмай шықты.  Қала  тұрғындарының бірі оны тәртіп орнатудың амалы десе, енді бірі ақша табудың құралы деп санайды. Жалпы ақылы автотұрақ қаншалықты тиімді? Осы сауал төңірегінде  Egemen.kz тілшісі зерттеу жүргізіп көрді. 

Ақылы автотұрақтар қаншалықты тиімді

Фото: ЖИ

Осы орайда ақылы автотұрақтардың қызметін күнделікті пайдаланып жүрген жүргізушілердің пікірін сұрап білдік. Олардың бір бөлігі жүйенің көлік ағынын реттеуге көмегі тиетінін айтса, екінші бөлігі  қызмет сапасының төмендігіне шағымданды.

Ризабек есімді жүргізушінің пікірінше  ақылы автотұрақ көлік қоятын орынды іздеуге кететін уақытты үнемдейді.

« Сауда орталықтары мен іскерлік аймақтарда орын табу бұрын қиын болса, қазір төлем жасап, тез тұраққа қоя аламыз. Инфляция кезінде 100 теңге үлкен сома емес. Бұл жүйе көлік қозғалысын реттеуге көмектеседі», дейді ол.

Тағы бір жүргізуші өзінің іскерлік аудандар мен сауда орталықтарына жиі баратынын айтып, ақылы автотұрақтар жүйесі қолданысқа енгізілгелі мәселе шешімін таба бастағанын атап өтті.

«Бұл жерде мәселе ақшада емес, жүйенің әділеттілігінде. Ақылы автотұрақтарда бейнебақылау камерасы мен  жеткілікті орын болуы тиіс. Кей аудандарда ақша төлесем де бәрібір көлігімді қоятын орын таппадым. Бұл дұрыс емес» дейді Ерасыл есімді тұрғын.

Ал енді бірі кейбір ақылы тұрақтарда қауіпсіздікке аса мән берілмейтіндігін айтты.

«Бір жолы  көлігімді түнде ақылы тұрақта қалдырдым. Таңертең көліктің айнасын таппай қалдым. Ешкім жауап бермейді. Сонда не үшін ақша төлеп жүрміз? Ешқандай күзет, бейнебақылау жоқ. Ақылы тұрақ иелері ақша алып отырғандықтан көлігіміздің қауіпсіздігін де қамтамасыз етуі керек», дейді Манарбек есімді жүргізуші.

Байқағанымыздай  жүргізушілер мен тұрғындар арасында бұл жүйеге деген көзқарас әртүрлі. Бірі ақылы тұрақтар арқылы қала көшелерінде тәртіп орнағанын айтса, енді бірі жүйенің әділетсіздігін, қызмет сапасының төмендігін және қолжетімді тегін баламаның жоқтығын алға тартады. Төлем жасау тетіктерінің ыңғайсыздығы, қауіпсіздік мәселелері мен ашық ақпараттың тапшылығы да тұрғындар тарапынан сынға ұшырап отыр.

Қала тұрғындарының екіұдай пікіріне орай сауалымызға жауап алу мақсатымен Астана әкімдігіне хабарласқанымызда әкімдік өкілі  қаладағы ақылы автотұрақ станциялары коммуналдық меншіктегі басқаруға өткелі жатқанын мәлімдеді. Қаланың көлік басқармасы 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап жеке компаниямен арадағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартын қайта қарастырып жатқан көрінеді. 2025 жылдың 6 ақпанында қосымша келісімге қол қойылған. Әкімдік өкілі осындай процестердің жүріп жатқанына байланысты толық ақпаратты әзірге жариялай алмайтындарын айтты.