Өнер • Бүгін, 11:30

Әлем балетінің жұлдыздары Қазақстанда

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнер – шекарасы жоқ шексіз әлем. Almaty Theatre сахнасында бас қосқан халықаралық балет жұлдыздары рухани астанамыздың тұрғындарына ұмытылмас әсер сыйлады. FREEDOM FESTIVAL IV жобасы аясында өткен әсем кеш «Астана Опера» театры ұсынған «Пахита» балетімен ашылып, Германиядан арнайы шақырылған Berlin Ballet Company ұжымының CHOREO X бағдарламасына ұласты, деп жазады Egemen.kz.

Әлем балетінің жұлдыздары Қазақстанда

Жауһар өнер шеберлері сұлулық пен сезімнің биік үлгісін паш етті. Талғамы биік көрермен  American Ballet Theatre (Нью-Йорк) труппасының прима-балеринасы Хлоя Миссельдайн мен Staatsballett Berlin труппасының премьері Мартин тен Кортенаардың өнеріне тәнті болды.

Қойылымға дейін журналистердің қатысуымен өткен баспасөз мәжілісінде шетелдік меймандар өз әсерлерімен бөлісіп, Berlin Ballet Company көркемдік жетекшісі Аршак Галумян қазақ жерінде өнер көрсету балет шеберлеріне айрықша  шабыт беретінін әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Жоба продюсері Данияр Шманов фестиваль ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын, өнер мен мәдениеттің өрісін кеңейту жобаның негізгі мақсаты екеніне тоқталды.

«Freedom Festival — өнерді, өзіндік болмысты және балетке деген батыл көзқарасты біріктіретін дәстүрге айналды. Биыл біз классика мен заманауи хореографияны, қазақстандық өнерпаздар мен шетелдік труппаларды тоғыстыра отырып, үйреншікті шекараларды кеңейтеміз. Мұндай үндестік — фестивальдің негізі – өнердің тірі тынысын, диалогқа, шабыт пен бірігуге деген ұмтылысымызды көрсетеді», – дейді Freedom Finance Global директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов.

Дәстүр бойынша фестиваль аясында заманауи өнер көрмесі ұсынылды. Биылғы фестивальдің арнайы қонағы – халықаралық арт-сахналарда Қазақстан мен Өзбекстан атынан  шығып жүрген танымал суретші Азиза Шаден. Ол Өзбекстан Мәдениет пен өнерді дамыту қорының қолдауымен жасалған, алғаш рет Бұхара Биенналесінде көрсетілген бейнеинсталляциясын ұсынды. Бұл жұмыс қазақ көрерменіне алғаш рет жол тартып отыр.