Аймақтар • Бүгін, 12:48

Алматыда электромобильдерді қуаттандыратын 311 станция орнатылады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың 1 сәуірінде Алматыда 8 385 электромобиль тіркелген. Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда олардың саны 1,5 есе өскен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда электромобильдерді қуаттандыратын 311 станция орнатылады

Сондықтан дәл осы күндері «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы электрмен қуаттандыратын станцияларды (ЭЗС) орнату үшін 311 жер телімін бөлді. Әрбір учаскеде конкурстық іріктеуден өткен отандық инвесторлар екі көлік сиятын, қуаты 60 кВт-тан басталатын бір ЭЗС орналастырады. Барлық станциялар пайдалануға берілгеннен кейін қалада электромобильдерді қуаттандыруға арналған 622 жаңа орын пайда болады.

Бір учаскеге инвестордың ең төменгі салымы 10 млн теңгені құрайды. Бұл ретте халық үшін аккумуляторлық батареяны зарядтаудың 1 кВт үшін шекті құны ҚҚС есебімен 100 теңгеден аспайды. Жер учаскелері инвесторларға 4 жыл мерзімге ұзартуға артықшылық беру құқығымен берілді.

Көліктерді қуаттандыру станцияларын қала тұрғындары көптеп баратын – базарлар, саябақтар, кафелер сияқты қоғамдық орындарда орнату көзделінген. Барлық станциялар биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Бүгінгі таңда Алматыда жеке аумақтарда 300-ден астам ЭЗС орнатылған. Жаңа нысандарды қосқанда қазір Алматыда қуаттандыру станцияларының жалпы саны 600-ден асады.

ЭЗС құрылысы «2029 жылға қарай барлық ірі қалаларда электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жол картасы» шеңберінде жүзеге асырылады. Жоба Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту қажеттілігіне байланысты, сондай-ақ мегаполистегі электр көліктерінің саны өсіп келе жатқандықтан қолға алынып отыр.