
Фото: Ашық дереккөз
Министрліктің хабарлауынша, бұл бастама өнімдердің нарыққа шығу мерзімін едәуір қысқартып, қайталанатын әкімшілік рәсімдерді жоюға мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда дәрі-дәрмектерге сараптама жүргізу 210 күнге дейін, баға қалыптастыру – 60 жұмыс күніне дейін, ал кәсіби сараптама – 50 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін, ал композиттік мемлекеттік қызметті қолдану арқылы бұл процестер біріктіріліп, параллель түрде 100 жұмыс күнінен аспай өтетін болады», делінген хабарламада.
Айта кетейік, композиттік мемлекеттік қызмет ерікті әрі баламалы негізде енгізіледі және қолданыстағы сараптама, тіркеу және баға белгілеу механизмдерімен қатар қолданылады. Сонымен қатар дәрілік заттарды Қазақстанның ұлттық дәрілік формулярына енгізу үшін кәсіби сараптамадан өткізуді де қарастырады.
Жаңа жүйе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен алдын ала біліктендіру және тіркеу рәсімдерін де қамтиды. Бұл Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты қатаң реттеуші жүйелері бар елдерде тіркелген дәрілер үшін 15 жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіпті қолдануға мүмкіндік береді. Осындай жеделдетілген мерзімдер танылған реттеуші жүйелері бар елдерде өндірілген медициналық бұйымдарға да қолданылатын болады.
Пилоттық жоба 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Егер оның тиімділігі дәлелденсе, бұл модель тұрақты жүйеге айналып, нормативтік-құқықтық өзгерістер енгізіледі.