Спорт • Бүгін, 19:21

Ақтауда 2 000 бала Damu Bala арқылы үйірмелерге бара алмай жүр

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда екі жылға созылған ваучер тапшылығына байланысты мыңдаған бала спорт пен шығармашылық үйірмелерге қатыса алмай отыр. Бұл жағдай көпбалалы отбасылардың тұрмысын қиындатып жіберген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда 2 000 бала Damu Bala арқылы үйірмелерге бара алмай жүр

Ата-аналардың айтуынша, үйірме бағасы арзан емес.

«Менің, мысалы, төрт балам бар. Тегін жаздырғым келеді. Бірі футболға, екіншісі күреске барғысы келеді. Ақылы үйірмелерге бергім келеді, бірақ қаржы мүмкіндік бермейді. Ваучерлер ашылмайды, сөйтіп балаларымыз үйірмесіз қалды», – деп шағымданды Қаламқас Сандыбай.

Қиын жағдайға кәсіпкерлер де тап болған. Қаржыландыру болмағандықтан, олар көп баланы қабылдай алмайды.

«Бізге барлық мүмкіндіктерді жауып тастады. Ата-аналар бізді кінәлайды. Ваучерлерді өздеріңіз бермей жатырсыздар дейді. Бірақ бұл біздің қолымызда емес екенін түсіндіреміз. Ваучер беру жүйесі облыстық спорт басқармасының бақылауында», – деді кәсіпкер Қалбибі Жұмабаева.

Облыстық спорт басқармасындағылар екі жылдық кідірістің себебін мемлекеттік аудитпен түсіндіреді.

«Мемлекеттік аудит әртүрлі кәсіпкерлерге шамамен 50 млн теңгені қайтаруды ұсынды. Осы ұсыныстар бойынша сот процестері бір жылға жуық уақыт жүрді. Біз кемінде бес мың ваучер беруге дайынбыз. Бірақ нақты бүгін бе, ертең бе айта алмаймыз, өйткені бәрі DamuBala платформасындағы техникалық ақаулардың жойылуына байланысты», – деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.

Ол қосымша әзірге балаларды мемлекеттік спорт мектептеріндегі секцияларға тегін жаздыруға болатынын айтты. Ол үшін алдын ала жазылып, кезекке тұру қажет.

Бұған дейін өңірде жылына 10 мыңға дейін ваучер берілетін. Алайда тексерістерден кейін бұл сан екі есеге қысқаруы мүмкін.