
Фото: Ашық дереккөз
Бес күн ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өтті. Репродуктивтік жастағы ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер мен жастар консультациялық және ақпараттық қолдау алды. Сондай-ақ отбасын жоспарлау, әйелдердің денсаулығы, ерлердің денсаулығы, жастар және ЖЖБИ, АПВ профилактикасы сияқты жеке тақырыптарға арналды.
«Аптаның негізгі қорытындыларын шығара отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің желісі бойынша республика көлемінде 14 350 іс-шара өткізілгенін атап өткен жөн. Жалпы жоба 358 498 қазақстандықты қамтыды, олардың ішінде 83 389 ер адам, 157 476 әйел және 117 633 жасөспірім бар. Гинекологтар, урологтар, инфекционистер және басқа да мамандардың қатысуымен 3 636 ағартушылық кездесу мен дәріс өтті», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Апталық аясында БАҚ-та 238 сараптамалық пікір, сұхбат пен баяндама жарияланған. Халықтың ең белсенді қатысуы мен қызығушылығы Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстарында байқалған.
Сонымен қатар жасөспірімдерге ерекше назар аударылған. 117 мыңнан астам бала денсаулық пен аурулардың профилактикасы туралы сенімді ақпаратқа қол жеткізген. Дәрігерлер мен мамандар мектептер мен колледждерде ғана емес, цифрлық ортада - әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы да жұмыс жүргізген.
«Репродуктивтік денсаулық мәдениетін және профилактикалық медицинаны дамыту — болашақ ұрпақтың денсаулығына қосқан ең маңызды үлес. Барлық өңірлерге, медицина қызметкерлеріне, әріптестер мен БАҚ-қа белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіреміз. Репродуктивтік денсаулық апталығы — мемлекет, денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамның күшін біріктіретін жыл сайынғы бастамаға айналады», деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.