
Фото: Ашық дереккөз
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, экобот іске қосылғаннан бері түскен 18 мыңнан астам өтінімнің 17 мыңы сәтті орындалған.
«@TazaQazBot-тың белсенді пайдаланушылары - Алматы, Шымкент және Астана қалаларының тұрғындары. Статистикаға сәйкес, өтініштердің басым бөлігі аумақтарды жинау, тұрмыстық қоқыстарды шығару, көшелерді абаттандыру тақырыптары төңірегінде. Бұл платформа жолдарды жөндеу, су айдындарын тазарту және кіреберістердің санитарлық жағдайын жақсарту сынды өтінімдердің 21 санатын қамтиды», делінген хабарламада.
Айта кетейік, өтінімдер сапасыз орындалған жағдайда аталмыш жүйеде шағым беруге болады. 2025 жылдың басынан бері 200-ден астам шағым тіркелген.
«Еліміздің барлық тұрғындарын күнделікті өмірде кездесетін тазаланбаған қоқыстардан бастап, жарық қосылмаған аулалар, бітелген арықтарға дейінгі экологиялық проблемаларды шешу мақсатында @TazaQazBot-ты белсенді түрде пайдалануға шақырамыз», делінген министрлік хабарламасында.