
Жас патриоттар белтемірге (ұлдарда) тартылу, ішті қатайту (қыздар), әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын ішінара құрастырып-бөлшектеу, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию және Smart Sarbaz зияткерлік ойындары сияқты пәндерде бағын сынады.
– Үш күндік далалық жиын барысында «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Астананың намысын қорғайтын үздік үш команданы анықтадық. Биыл бұл сайыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орайластырылып отыр, – деді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Жарыс қорытындысына келсек, бірінші орынды «Сарайшық» ауданының «Ақсұңқар» командасы, екінші орынды – «Сарыарқа-2» ауданының командасы, үшінші орынды – «Үміт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жеңіп алды.
Бұдан өзге іріктеу турына 7 команда құрамында 150 ұл-қыз қатысқанын айта кетелік.