
Форум аясында Отан алдындағы азаматтық борышын үздік атқарып жүрген сарбаздардың аналарына құрмет көрсетілді. Құқықтық тәртіп әскерінде қызмет атқаратын сарбаздардың аналарына марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов табыстады.
Сахнада тұрған сарбаз аналарына тағы бір тосын сый жасалды – олар әр өңірде қызмет атқарып жүрген ұлдарымен қауышу қуанышына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сарбаздар ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы құқығымен грамоталармен марапатталып, 10 күндік демалыс алған. Кей аналар қуаныштан көз жастарына ерік берді.
– Мен Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен әскер басшылығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді қатардағы жауынгер Владимир Анисимов.
Тағы бір үлгілі сарбаз – қатардағы Әділ Байпақов та өз алғысын жеткізді:
– Анамды көргеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін ең бақытты сәттердің бірі. Қызметімді жоғары бағалаған басшылыққа алғысымды айтамын, – деп атап өтті ол.
Мерекелік шара Ұлттық ұланның ән-би ансамблі және басқа да күштік құрылымдардың әскери өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен концертпен жалғасты.