Қоғам • 27 Мамыр, 2025

Журналистерге арналған «Парасат» конкурсына өтінім қабылдау басталды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі «Парасат» конкурсына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Журналистерге арналған «Парасат» конкурсына өтінім қабылдау басталды

фото: ашық дереккөз

«Журналистер күніне орай Парламент Сенаты ұйымдастыратын дәстүрлі «Парасат» байқауына өтінімдер қабылдана бастады. Байқауға Мемлекет басшысының реформаларының мәні мен олардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын халыққа жеткізіп, насихаттап жүрген журналистер, шығармашылық ұжымдар және блогерлер қатыса алады. Жұмыстарды қарап, сараптау үшін конкурстық комиссия құрылды. Оның құрамында отандық медиа саласында айқын қолтаңбасын қалдырған сенаторлар – Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова, Әсем Рахметова және басқа да әріптестер бар», деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Конкурс жұртшылыққа ақпарат жеткізу мен қоғамды мемлекеттік даму үдерісіне тартуға ықпал ететін кәсіби журналистиканы қолдау және ынталандыру мақсатында өткізіліп отыр. БАҚ өкілдері ұсынатын материалдар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысын жария етуге, Сенатта талқыланатын заңдар мен олардың өзекті мәселелерді шешуге бағытталуын көрсетуге арналуы тиіс. Сонымен қатар, Сенат депутаттарының депутаттық сауалдары арқылы өңірлік түйткілдерді шешуге атсалысу тақырыбындағы материалдар да қабылданады.

Өтінімдер 2025 жылдың 10 маусымына дейін қабылданады. Жұмыстар келесі номинациялар бойынша қарастырылады:

  • Үздік теледидар материалы

  • Үздік радио материал

  • БАҚ басылымындағы үздік жарияланым

  • Интернеттегі үздік жарияланым

  • Әлеуметтік желідегі ең жақсы ақпарат

  • Үздік талдамалық материал (арнайы номинация)

Материалдар Senat_Press@parlam.kz электрондық поштасына жолдануы тиіс.
Анықтама телефондары: 74-71-37, 74-72-27.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өтеді.

Конкурс шарттары туралы толық ақпаратты Сенаттың ресми сайтынан алуға болады:
https://senate.parlam.kz/kk-KZ/contests/parasat

Құрметпен, Баспасөз қызметі
Байланыс: 8 (7172) 74-72-24

Дамира Төлеген

ЕҰУ студенті