Қоғам • Кеше

Арзан баға Назаровта ғана... Халық азық-түлікке қанша қаражат жұмсайды?

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров БАҚ өкілінің «1 айда азық-түлікке қанша қаржы жұмсайсыз» деген сауалына «ет пен майдан басқа тамақ өнімдеріне 30-50 мың аралығында қаражат жұмсайтынын» айтқан еді. Мәжілісменнің жауабы мен базардағы баға қабыса  ма? Біз Астанадағы «Орталық базарға» арнайы барып, Үкімет бекіткен тізімдегі 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасын біліп, елордалықтар азық-түлікке айына қанша жаратып жүргенін сұрап білдік, деп жазады Egemen.kz.

Арзан баға Назаровта ғана... Халық азық-түлікке қанша қаражат жұмсайды?

Фотоколлаж: Қ.Жұмағалиқызы

Алдымен базардағы сауда қатарларын аралап әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бір келіге шаққандағы орташа бағасын анықтайық.

Бірінші сортты бидай ұнының екі келісі – 2200 тг;

Нан – 180;

Макарон өнімдері – 1000 тг;

қарақұмық жармасы – 400 тг;

тазартылған күріштің келісі – 600 тг;

картоп - 350 тг (маусымдық жаңа картоп – 450 тг);

асханалық сәбіз – 350 тг;

пияз – 350 тг;

қырыққабаттың келісі – 300 тг;

ақ қант – құмшекер 2 келісі – 1250 тг;

күнбағыс майының 5 литрі – 5000 тг;  

сиыр еті келісі – 3700 тг;

тауық еті – 1590 тг;

сүт айран литіріне – 480 тг;

сары май – 750;

тауық жұмыртқасының 30 данасы – 1800 тг;

ас тұзы  -  120-230 тг;

сүзбе – 1250 тг.

Бұл тек бекітілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар. Қазақстандықтардың шайды тұтынбай тұра алмайтынын ескеріп, шай бағасының орташа бағасы – 1300 тг екеніне көз жеткіздік. Жалпы сома – 22 200 тг.   Тізімдегі бағалардың басым көпшілігі – азықтың 1 апталық қор бағасы. Айына 4 апта барын ескеріп, күнбағыс майының бағасын шегеріп,  жалпы соманы 1 айға есептесек – 73 800 тг шығады. Әрине, нан айына 4 рет қана алынбайтынын да ескеріңіз. Демек, жалпы есеп те  еселене беретіні анық. Ең қарапайым, көпшілік тұтынатын тауарлардың нарықтағы бағасы осындай. Сондықтан, көпбалалы депутат Ардақ Назаровтың БАҚ-қа берген жауабын саралауды ойлы оқырман еншісіне қалдырамыз. 

«Бес саусақ бірдей болмайтындығы» іспетті әр отбасы адам санына қарай азық-түлікке түрлі мөлшерде қаржы жұмсайтыны айтпаса да түсінікті. Десе де көпбалалы отбасыға «1 айлық азық-түлік алуға 30-50 мың теңге» жете ме деген сауалды елордалықтарға да қойып көрдік. Біз айтқан сомаға таңғалып қараған  ана азық-түлікке етті есепке алмағанда 100 мың теңге жарататынын айтты, келесі тұрғын «Қаржыны үнемдеп алдым дегеннің өзінде етсіз 200 мың теңге жұмсаймыз. Ал аста-төк жейтін болсақ 300 мың теңгені жоққа санау керек» деді. Тағы бір тұрғынның айтуынша, айына 50 мыңнан жоғары ақша азық-түлікке арналады. Сауалымызға жауап берген 5 баланың анасы: «Көпбалалы анамын. Біздің отбасыға 1 айға 150 мың кетеді. Ал 30-50 мың теңгені айлық азық-түлікке жеткізе алмаймыз. Қазір баға жылдам өзгеріп, көтеріліп жатыр», дейді.

Осы орайда Ұлттық статистика бюросының сәуір айындағы инфляция деңгейі мен бағаға қатысты сан дерегін сараладық. Өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда картоп бағасы – 79%, басты пияз – 63,8%, қырыққабат – 46,8%, күнбағыс майы – 20,8%, минералды және ауыз су – 16,8%, банан – 16,7%, қызанақ – 14,1%, кондитерлік өнімдер – 13,5%, сиыр еті – 13,2%, сары май, қамырдан жасалған өнімдер – 11,4%-дан, қой еті, балық және теңіз өнімдері – 11,1%-дан, жеміс және көкөніс шырындар – 10,6%, қияр -  10 пайызға өскен. Ал қарақұмық жармасы – 15,1%, күріш – 6,9% жұмыртқа бағасы - 5,6 пайызға төмендеген.

Демек, 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің басым бөлігінің бағасы қымбаттаған. Ал депутаттың  30-50 мың теңгеге 1 айлық азықты қайдан алып отырғаны көпшілікке қызық болуы заңды. Әрине, осындай арзан бағадағы азық-түлікті қайдан алатынын айтса, халыққа үлкен көмек сол болар ма еді?