Саясат • 28 Мамыр, 2025

Беделді ұйыммен жүйелі әріптестік

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.

Беделді ұйыммен жүйелі әріптестік

Сурет: primeminister.kz

Кездесуде өткен жылы жоғары деңгей­дегі келіссөздер барысында қол жеткізі­лген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ Қазақстан – FAO серіктестік бағдарламасы аясындағы өзекті мәселелер мен жұмыс жоспарлары тал­қыланды. Онда ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу саласындағы ынты­мақ­тастықты тереңдету және қосылған құны жоғары агроөнімдері экспортын ұлғайту перспективаларына назар аударылды.

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі екенін баса айтты. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80 еліне экспорттайды және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 113 елдің ішінде 32-орында.

«Саланы дамыту жұмыстары өз нәтижесін беруде: өткен жылы біз ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 13,7%-ға өскенін атап өттік. Қазақстан таяу жылдарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді белсенді түрде дамытып, қосылған құны жоғары өнім үлесін 70%-ға жеткізуге ниетті. Жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда біз агроазық-түлік саласында жалпы құны 4,8 млрд доллардан асатын 600-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Үкімет басшысы. Қазақстан озық агротехнологиялармен алмасуға, сондай-ақ өндіріске ғылыми көзқарастарды дамытуға мүдделі.

FAO-ның бас директоры Қазақстан әлеуетін жоғары бағалап, өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.

«Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасқан, орасан зор жер ресурстары мен бай агробиоалуантүрлілікке ие, стратегиялық орналасуымен тұрақты ауыл шаруашылығында әлемдік көшбасшыға айналуы үшін зор әлеуеті бар. Әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орындағы ірі ел ретінде Қазақстанның агроазық-түлік жүйелерін орнықты дамудың, экономи­калық өсудің және экологиялық жауап­кершіліктің қозғаушы күшіне айналдыруда әлеуеті мен амбициясы жетерлік. FAO Қазақстанмен берік серіктестігін мақтан тұтады және елімізді азық-түлік қауіп­сіздігіне қол жеткізуде, инновацияларды енгізуде және болашақ ұрпақ үшін орнық­ты шешімдерді ілгерілетуде одан әрі қол­дау көрсетуге ниетті», деді Цюй Дунъюй.

Ынтымақтастықтың басым бағыт­тары­ның бірі – аграрлық секторда цифрлық шешімдерді енгізу. Қазақстан шегірткелерінің таралуын бақылау және оның алдын алу мақсатында жасанды интеллект негізінде геоақпараттық жүйені және FitoSpace бірыңғай цифрлық плат­фор­­масын құруға бастамашы болды. Аталған қызмет мониторингінің дәлді­гін жақ­сартуға, пестицидтер пайдалануды және экол­о­гиялық қауіп-қатерлерді азайту­ға мүм­кіндік береді, бұл ауыл шаруа­шы­лы­ғы­­­ның тиімділігін арттыруға және фито­­са­ни­та­рлық бақылауды күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар ветеринарлық жүйені және биоқауіпсіздікті одан әрі дамыту қажеттілігі атап өтілді. Су ресурстарын тұрақты басқару бойынша өзара іс-қи­мылды нығайту перспективалары тал­қыланды. Еліміз Су ресурстарын бас­қару бойынша Қазақстан мен FAO-ның жеке серіктестік бағдарламасын құру мүмкіндіктерін зерттеуді бастады.

Сондай-ақ тараптар жердің тозуы және шөлейттенуімен күрес бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Еліміз құрғақшылық пен шаңды дауылдан зардап шеккен елдің жеті өңірі үшін өзекті бастамаларды жүзеге асыру үшін FAO-мен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Жалпы, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының Қазақстандағы қызметі елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы ұлттық стратегиялық құ­­жа­т­тарды әзірлеуге жәрдемдесуді қам­ти­ды. Қазіргі уақытта еліміздегі FAO жоба­лары­ның қоржыны 55-тен астам бастаманы, оның ішінде 33 іске асырылған жобаны, сондай-ақ 22 жүзеге асып жатқан жобаны қамтиды.