Digital • 30 Мамыр, 2025

Керек дерек

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«eGov Mobile» қосымшасында үй жануарына арналған цифрлық паспорт қызметі іске қосылды. Бұл құжат үй жануарларын есепке алу Бірыңғай деректер базасымен байланысты жұмыс істейді.

Керек дерек

Сурет: politic.kz

Цифрлық төлқұжат ветери­нар­лық клиникаға барғанда, сая­хат кезінде, көрмеге қатысқанда немесе жануарыңыз жоғалған жағдайда жедел ақпарат ұсынуға өте ыңғайлы болмақ. Соны­мен қатар бұл жүйе қаңғыбас жануарлар санын азайтуға және иелерінің жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Наурыз айындағы мәлімет бойынша жүйеде 224 мыңнан астам үй жануары тіркелген, оның ішінде 20 мыңнан астамы – иесіз жануарлар.

Цифрлық паспортта бірне­ше мәлімет қамтылады. Атап айтсақ, жануардың жеке нөмірі, аты, түсі, тұқымы, туған күні, ерекше белгілері, жануардың түрі мен жынысы, тіркелген әрі нақты тұратын мекенжайы, иесінің толық аты-жөні мен ЖСН, сондай-ақ чиптеу, стерилизация, вакцинация туралы ақпараттар цифрлық паспортта толық жазулы тұрады.

Қызметті пайдалану үшін ең әуелі «eGov Mobile» қосымша­сына кіріп, авторизациядан өту қажет. Содан соң «Цифрлық құ­жат­тар» сервисін ашып, «Басқа құжаттар» бөлімінен жануар­дың паспортын табуыңыз керек. Егер құжат көрінбесе, «Құжат­тарды жаңарту» батырмасын басыңыз.

Жаңа сервис Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бас­тамасымен, «Ұлттық ақпарат­тық технологиялар» АҚ және Экология министрлігімен бірле­се отырып іске қосылған.