Балалар • 03 Маусым, 2025

Жазғы демалыс жайлы бола ма?

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балалардың жазғы демалысын жүйелі ұйымдастыру – аға буынға сын. Оқушылар оқу жылы аяқталысымен жазғы демалысқа асығады. Демалыстың төресі тамылжыған табиғат аясы, балығы тайдай тулаған ақ айдын, сыбдырлаған жапырақтары дала күйін шертіп жатқан ну орман.

Жазғы демалыс жайлы бола ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көркем өңірдің мүмкіндігін кәдеге жаратсақ...

Өңірде жазғы демалысты ұтымды ұйымдастырудың мүмкіндігі зор. Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан орман-тоғайлы, ақ айдынды, саф ауасы тамылжыған табиғаттың аясы құдды игерілмей жатқан тың іспетті. Балалар және жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтановтың мәлімдеуінше, өңірдегі 8 бірдей жазғы лагерь табаны күректей 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемейді. Жұмыс істеп тұрған лагерьлердің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Ұзақ уақыт ауыстырылмағандықтан төсек орындарының тозығы жеткен. Өзге де жабдықтары ескірген, тіпті кейбір лагерьлерде кешегі кеңес заманынан мұра болып қалған құралдарды пайдаланып келеді. Соның өзінде орын тапшы. Тапшы болатындығы кеңес заманынан қалған лагерьлердің кейбіреулері жілігі татымайтын қаражатқа сатылып кеткен. Себебі олар айдын көлдің жағасында, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың етегінде тұр. Ел ертеңі балалар демалмаса да бүгінгінің бай патшасының жадыраған жаз айларында ат басын тірейтін орны.

– Жұмысы мүлде тоқтаған балаларды сауықтыру орталықтарының бәрі кепілде немесе мүлдем сатылмайды. Иелерімен тілдесіп көрдік, жазғы лагерьлерді қалпына келтіру үшін қы­руар қаражат қажет екен. Егер Көк­шетау мен Қорғалжын арасындағы көркем жерлердегі лагерьлер мен балалар сауықтыру орталықтарын түгелдей іске қоссақ, еліміздегі барлық баланың тұп-тура 20 пайызын жазғы демалыс­пен қамтамасыз ете  алады екенбіз, – дейді Қайрат Сұлтанов, – қазір ондай мүмкін­дік жоқ. Өткен жылы балалардың тек 4 пайызы ғана демалуға мүмкіндік туды.

Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ассоциация төрағасының пайымдауынша, 25 жылдан бері қаңтарылып бос тұрған лагерьлер қайтадан қалпына келтірілсе, 700-ден астам адам уақытша болса да жұмыспен қамтамасыз етіледі екен. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған қазіргі шақта бұл да тәп-тәуір нәпақа емес пе? Тұралай жығылған, әлі еңсесін көтере алмай жатқан лагерь атаулы дүрк етіп қайта бой көтерсе, жергілікті азық-түлік өндірушілердің де өнімі өтер еді.    

– Балалардың жазғы демалысы туралы айтылғанда лагерьлерге баратын балалардың саны ғана көрсетіледі. Ал олар қалай тамақтанады деген сауалға жауап іздеп жатқан жанды көрген жоқпын, – дейді Қайрат Сұлтанов, – Менің есебімше, екі жарым айдың ішінде шамамен 7 тоннаға жуық сиыр еті, 20 мың дана жұмыртқа, 31 мыңнан астам бөлке нан жұмсалады екен. Ал егер барлық лагерьлер жұмыс істесе ше? Тамақпен курортты аймақтарды ғана емес, балалар лагерьлерін де қамта­ма­сыз ету қажет болады. Бұл да табыс көзі емес пе? Балалардың жазғы дема­лысымен айналысқысы келетін кәсіп­керлер бар. Өкінішке қарай оларға ешқандай салық жеңілдігі жоқ. Әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды балалар демалысына бизнес ретінде қарайды.

Ендігі бір мәселе – медициналық кадрлардың тапшылығы. Әне бір жылы ондаған бала уланып, елді дүрліктірген еді. Өткен жылдың шілдесінде Бурабай баурайындағы лагерьлердің бірінде Павлодар облысынан келген жетімдер үйінің тәрбиеленушілері де астан уланған. Кейін мәлім болғандай, балаларды қарайтын дәрігер жоқ екен. Тексеріс барысында 250 бала орналасқан лагерьде дәрігер былай тұрсын мейірбике де болмай шыққан.

Балалар және жасөспірімдер туриз­мі ассоциациясының дерегінше, бала­лар­дың қала сыртындағы демалысы Денсаулық сақтау министрлігінің 11 бұйрығымен реттеледі екен. Олардың көпшілігі бір-бірімен қарама-қайшы. Лагерьдегі медициналық пункттің лицензиясы болуға тиісті. Алайда балалар сауықтыру орталықтарының 75 пайыздан астамы жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде жұмыс істейді.

– Дәрігер өзіне жауапкершілік алғы­сы келмейді. Екінші бір мәселе, бүгінде осы ережелерге сәйкес фармбақылау лицензия алу үшін барлығы жеті атау жазылады. Ал санитарлық-эпидемия­лық бақылау қондырғысы 43 атауды талап етеді. Яғни медициналық пункті жарақтандырудың айырмашылығы – 2,5 миллион теңге. Ал лагерь немесе балаларды сауықтыру орталығы жылына екі жарым ай ғана жұмыс істейді ғой, – дейді Қайрат Сұлтанов.

Шалғайдағы шағын ауылдарды айт­пағанның өзінде елорданың іргесіндегі Қосшы қаласында 15 мыңнан астам оқушы болғанымен, әлі күнге дейін бірде-бір лагерь жоқ. Қазір бұл қалада ресми есеп бойынша жүз мыңнан астам халық бар. Қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, балаларды жазғы демалыспен қамту деңгейі тым төмен. Биылғы жылдың жазында 8 мектеп базасында бастауыш сыныптардың 5166 оқушысы мектеп жанындағы лагерьмен қамтылмақ. Бұл барлық балалардың 92 пайызы. Орта және жоғары буында оқитын 6022 бала лагерьге бара алмауы мүмкін. Олардың 1895-і білім  беру үйірмелеріне қатысса, 125 бала әлеуметтік осал топтар есебінен, 10 бала кәсіподақ қаржысымен, 300-ден астам бала ақшасын төлеп демалуы мүмкін. Ал қалған балалар ше?

– Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл мәселені үнемі көтеріп жүрмін, – дейді Айдын Төребаев, – бала­лар лайықты демалыспен қамтылуы керек. Қосшы қаласының маңында бала­лар­дың жазғы лагерін салу – уақыт талабы.   

Өңірдегі жазғы лагерьлер мәселесінің өзекті екендігі облыстық білім басқарма­сына да мәлім. Олардың есебіне қара­саңыз, лагерьлерде демалатын балалар­дың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Басқарманың дерегінше облыс аумағында барлығы 16 лагерь жұмыс істейтін болады. Оның 9-ы – мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік.

– Қала сыртындағы лагерлерде биыл 15500 бала тынығады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, – өткен жылмен салыстырғанда мың балаға көп. Мемлекеттік лагерьлерге берілетін жолда­маның құны 40-120 мың теңге, ал жеке­меншік лагерьлердің жолда­масының құны 100-140 мың теңге. Педагогтер тапшылығы жоқ. Мамырдың жиырмасына дейін барлық лагерь тексерістен өткізілді.

 

Ұлттық лагерь ұтымды болмас па еді...

Жас толқынға жарасымды тәрбие беретін ұлттық балабақша, мектеп бар, ал лагерь неге болмасқа?! Ұлттық лагерьді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қолөнеріміздің бар байлығын жұмсап, әсемдеп, салтанатты етіп дайын­дауға әбден болар еді. Балалардың жатын орындары киіз үй кейіптес болса тіпті жақсы. Табиғатына біртабан жақын ұлттық тағамдармен қамтамасыз етілсе, ағзалары кәдімгідей қуат алар еді. Қымыз бен шұбаттың, қазы мен қартаның қадір-қасиеті туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алаш жұртының ақ дастарқанының киесі бар. Ендігі бір мәселе ұлттық лагерь жанында ұлттық спорт түрлері өрістесе.

Көркем табиғаттың аясындағы ба­лалардың ұлттық лагерінде ұлттық ойын­дар ойнатылса ол да бір тәлімді тәр­биенің арнасы емес пе? Ән шырқалып, күй төгілсе көкіректеріне қаншама рухани қазынаны текшелеп жинар еді. Ұлттық лагерьдің тілдік, лингвистикалық ба­ғыттағы пайдасы да көп болмақ. Егер осы ой жүзеге аса қалса, облыс орталығындағы қаншама мұражайлар көшпелі көрме ұйымдастырып, ел тарихы, жер тарихы туралы мол мағлұмат бере алар еді. Өзгелер жұмыла кіріскен соң театр мен филармония да қарап қалмас.

– Мен 1966 жылы бүкілодақтық «Артек» лагерінде пионер жетекшісі болып жұмыс істедім, – дейді Көкшетау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Шияп Әлиев, – достық пен мәдениеттің ошағы еді. Ол заманда «Артекке» бару бір арман. Егер балалардың ұлттық демалыс лагері ұйымдастырылса, оған тек озат оқушыларды жіберу арқы­лы ынталан­дырудың бір жолын қалып­тастыруға болады.

Тамырынан нәр алып, жас қайыңдай жайқалған балаларды қолдау – елдік іс.  

 

Ақмола облысы