
«Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» атты жиынға Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева төрағалық етті. Отырысқа депутаттардан бөлек, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі, Жоғары аудиторлық палата мүшесі, бейінді министрліктердің вице-министрлері, облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Еске салсақ, күзде Мәжіліс алдағы үш жылдық «Жалпы сипаттағы трансферттер туралы» және «Республикалық бюджет туралы» заңдарды қарайды. Бұл құжаттар осы жылдың наурыз айында Президент қол қойған жаңа Бюджет кодексінің нормалары ескеріле отырып, дайындалады. Ал қазір Үкімет жалпы сипаттағы трансферттерді, яғни республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге жіберілетін субвенцияларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр. Басқосуда Д.Еспаева осы жаңа тәсілдер бюджетаралық қатынастарды шешуге, өзекті сұрақтарды анықтауға қаншалықты мүмкіндік беретінін түсіну маңызды екенін айтты. Өйткені кемшіліктер болса, Үкімет жаңа шараларды әзірлеп үлгеруге тиіс.
– Жергілікті бюджеттердің кірістері кейінгі 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі де артып отыр. Мысалы, егер 2014 жылы субвенциялар көлемі 978 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни 10 жыл ішінде 5 еседен асқан. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен әлеуметтік нысандар салу сияқты өңірлердің инфрақұрылымын құруға жұмсалатын нысаналы даму трансферттері де бар. Дегенмен өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр, – деді Д.Еспаева.
Жергілікті бюджеттің қазіргі қарқыны туралы кеңінен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде 20 өңірдің 17-сі субвенциялық, орталыққа тәуелділік 49% деңгейінде сақталып отыр.
Сондай-ақ ол кейінгі бірнеше жыл бюджет үшін дағдарыс жылдары болғанына қарамастан, яғни 2020 жылдан бастап коронавирус пандемиясы, геосаяси жағдай және Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген елдеріне қатысты санкциялар енгізуі бюджет кірістеріне айтарлықтай әсер еткенімен, жергілікті бюджеттер кірісінің өсуі байқалғанын мәлімдеді.
– Дағдарыс кезінде халыққа және бизнеске қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, бюджеттік сала жұмыскерлерінің жалақысын ұлғайту, біржолғы жәрдемақыларды төлеу, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий және басқа да шаралар. Осыған байланысты дағдарыс жылдары жергілікті бюджеттің кірістері қысқарған жоқ, кейінгі жылдары экономиканың дамуы мен өсуіне серпін берді. Жұмыс жалғасып 2026 жылдан бастап жаңа бюджет кодексінде жыл сайын қосымша 100 млрд теңгеден аса сомаға кіріс беру көзделген. Одан бөлек, жаңа Бюджет кодексінде кірістердің нысаналы бағыты бар «Арнайы түсімдер» деген жаңа санат көзделген. Жергілікті бюджеттің осы санатына қолданыстағы кірістер, сондай-ақ жаңа кірістер кіреді. Осылайша, 2026 жылдан бастап тұрақты кірістің шамамен 40 пайызы жергілікті бюджетке жиналады, – деді С.Жұманғарин.
Отырысқа Қызылорда және Ұлытау облыстарының өкілдері арнайы келіп, жаңа Бюджет кодексінің нормалары қалай іске асырылып жатқанын, өңірдің проблемалары және оларды шешу жөніндегі көзқарастарымен бөлісті.
– Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында жылу желілерінің тозу деңгейі 55%-дан асады. Одан бөлек, осы қыста Сәтбаев қаласында қар қара түсті деп еліміз шулады. Ондағы жылу қазандығының 86%-ы тозған. Желілерді жаңғырту туралы тиісті өтінім Энергетика министрлігіне енгізілді. Осындай жылдап қордаланған проблемалардың салдарынан халық күйемен тыныс алуда. Тозу деңгейі жоғары маңызды инфрақұрылымы бар өңірлер үшін климаттық және техникалық осалдықты есептеуге қосу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров.
Талқылау кезінде депутаттар сауалдарын қойды. Өз кезегінде депутат Ринат Зайытов әлемдегі экономикалық ахуал күрделене түскен сәтте ел экономикасының өсіміне не әсер еткенін сұрады.
– Баяндамаңызда жергілікті бюджет кірісі дағдарыс жылдары өскенін айтасыз. Бірақ 2006 жылдар мен қателеспесем, елде 12 донорлық аймақ болды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 4-ке түсті. Сол кезде донорларға Алматы облысы қосылуы ықтимал екені, 5-сі пайда болатыны айтылды. Алайда 2023 жылы 3-ке бірақ қысқарды. Сіздің баяндамаңызбен неге бұл көрсеткіш сәйкес келмей отыр? – деп сұрады депутат.
С.Жұманғарин пандемия мен геосаяси ахуалға байланысты жергілікті бюджеттің кірісі Ұлттық қор есебінен көбейгенін айтты. Яғни донорлар азайғанымен, өңірлерге қаражат көптеп бөлінген. Бұл орайда Үкімет қор қаражатын «аямай» жұмсаған.
– Пандемия кезінде бюджет шығыстары 7-8 трлн теңгеге өсті. Небәрі 2-3 жылдағы дефицит көлемі осындай болды. Яғни дефицитті өсірдік, содан кейін Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бастап қордан алынатын қаражаты 5 трлн теңгеден түспеді. Келесі жылдан бастап қордан нысаналы трансферттер алынбайды, қордан қаражат алу заңмен шектеледі. Яғни жыл сайын алынатын 3,2 трлн теңге көлеміндегі нысаналы трансферт Ұлттық банкте қалады. Трансферттер көлемі кейінгі бірнеше жылда неге соншалықты көбейіп кетті? Себебі пандемия кезінде өңірлерде жарты жыл бойы ештеңе дұрыс істемей, экономика тоқтап қалды. Содан азаматтарды қолдау үшін барымызды шаштық. Сонымен қатар 2022 жылы кей салаларда айлық өсті. Инфляция 22%-ға көтеріліп, жалақымен индексацияланды. Бұған қоса инфрақұрылымға да көп қаражат бердік. Экономиканың даму бюджетіне қанша қаражат салсаң, ІЖӨ соншалықты өседі. Қазір бюджеттің жағдайы өте қиын. Біз қазір бәрін қойып, 1 трлн теңгені «Бәйтеректің» капитализациясына салып жатырмыз. «Бәйтерек» сол ақшаны 8 трлн-ға өсіріп, займға айналдырып жатыр. Бұл ақшаның барлығы экономикаға барады. Бұлай жасамаса, экономикалық өсім болмайды, – деді Ұлттық экономика министрі.
Осылайша қызу талқыдан соң, депутаттар әр өңір басшыларына көбірек табыс табудың жолын іздеу керек екенін баса айтты. Ал отырысты қорытындылаған Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында айтылған ұсыныстар ескеріліп, жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер әлі де пысықталатынын жеткізді.