
Мәулен Әшімбаев Орнықты даму индексінің 2024 жылғы деректеріне сәйкес қалалар мен елді мекендердің орнықтылығына қол жеткізу еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып қалып отырғанын атап өтті. Жалпы, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың қалаларда, шалғайда орналасқан және ауылдық елді мекендерде өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
– Былтыр Мемлекет басшысы-ның бастамасымен 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар бекітілді. Бұл стратегиялық құжат энергетика, сумен жабдықтау, көлік және цифрлық байланыс сияқты маңызды секторларды қамтитын елдің орнықты инфрақұрылымдық негізін қалыптастыруды көздейді. Халықаралық ұйымдардың мәліметтеріне сәйкес инфрақұрылымға салынған инвестициялар орнықты даму саласындағы міндеттердің 90 пайыздан астамына қол жеткізудің негізгі факторы саналады. Бұл талқыланған мәселе мен басқа да орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жұмыстың тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді, – деді Сенат төрағасы.
Осыған байланысты кездесуге қатысушылар негізгі бағыттар бойынша жобаларды бірлесіп іске асыруға қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ іс-шарада облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысы, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет-құрылыс қызметі саласындағы өкілеттіктерін кеңейтетін «Агломерацияларды дамыту туралы» заңның нормалары және еліміздің 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасының басымдықтары талқыланды.
Қазір қалалардағы инфрақұрылымдық проблемалар ұқсас және олардың жүйелі сипатымен қатар, өңірлерде базалық инфрақұрылыммен біркелкі қамтамасыз етілмейді. Мәулен Әшімбаев бұл түйткілдерді шешу коммуналдық, энергетикалық, жол және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуды, әлеуметтік инфрақұрылымның, ең алдымен, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердің экологиялық орнықтылығын арттыруды талап ететінін айтты.
– Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, дамыту бірінші кезектегі міндет екені сөзсіз. Электрмен жабдықтау, су бұру және жылумен қамтамасыз ету желілерінің әбден тозу көрсеткішінің 50 пайыздан асуы проблеманың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Жол инфрақұрылымы да дабыл қағарлық жағдайда. Қалалық жолдардың үштен бірінің және ауылдық жолдардың шамамен 40 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар қалалар мен елді мекендерді дамыту жолындағы маңызды мәселелердің бірі цифрлық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету және өңірлердің экологиялық әл-ауқатын арттыру екені анық, – деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, жалпы қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамдық институттардың жүйелі назары мен үйлесімді жұмысы қажет.
Сондай-ақ комиссия отырысында моноқалаларды әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне, халық санына және басқа да факторларға байланысты жаңғыртудың сараланған шараларына ерекше мән берілді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, Саран қаласы индустриялық аймақтарды құрудың озық үлгісін көрсетіп берді. Қалада аталған аймақ құрылған сәттен бастап өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,6 есеге, салық аударымдары 5 есеге артып, 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Бұған қоса ол жаңа әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу қажеттілігі салалық мемлекеттік органдар белгілеген желі нормативтері мен стандарттар негізінде есептелетінін айтты.
Парламенттік комиссияның отырысына әкімдіктердің басшылығы, өңірлердегі мәслихаттардың депутаттары, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.