Президент • 03 Маусым, 2025

Тарих тағылымы бірлік пен жауапкершілікке үндейді

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды. Президент саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Тарих тағылымы бірлік пен жауапкершілікке үндейді

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым еткен тағылымды іс-шарада Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, өткен ғасырда кеңес одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткергенін, соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартқанын кеңінен қозғады.

«Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфул­лин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды. Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұн­да жазықсыз жала жабылған 8 мың­ға жуық әйел қамауда оты­рып шыққан. Олардың арасын­да Тұрар Рысқұлов, Сұлтан­бек Қожанов, Темірбек Жүр­генов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саяси қуғын-сүргін тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес екенін, мысалы, АЛЖИР-де алпыстан аса этнос өкілдері қамауда болғанын атап өтті. Оның айтуынша, сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланыс­ты. Ұлт жылнамасындағы қара­лы кезеңдерді жадымызда жаң­ғыртудың түпкі мәні – осында.

Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Кейінгі жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы­дан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшы мен ғалым үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан аса азамат ақталды. 2,5 млн-нан аса материалдың құпия белгісі алынып тасталды.

о

Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайрат­керлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды.

«Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс. Төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл – аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болса да, бұл – бұрынғы кеңес мемлекетінде өмір сүрген барлық дерлік халықтардың басына түскен қасірет. Сондықтан мұндай нәубеттер ешқашан қайталанбауы үшін одан сабақ алу өте маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келе жатқанын, соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білгенімізді алға тартты.

«Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды. Тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі. Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан тәуелсіздік бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып келе жатқанымызға тоқталып, нақты істерді сөз етті. Атап айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасап жатырмыз. Үш жыл бұрын жалпыұлттық референдум өткізіп, Ата заңымызға өзгерістер енгіздік. Сол арқылы еліміздің тұрақты дамуына мызғымас негіз қаладық. Мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, Парламенттің құзыретін кеңейттік, Үкіметтің жауапкершілігін күшейттік. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайланатын болды. Бұл қадам қоғамның билікке деген сенімін нығайта түсті. Заң мен тәртіп үстемдігін орнықтыру, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Осы бағытта Парламент тиісті заңдар қабылдады. Бұл – елімізді жан-жақты жаңғыртуды көздейтін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұр. Шын мәнінде реформалардың нәтижесіне ұлтымыз­дың сана сезімі, тіпті болмысы өзгере бастады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы – соның айқын дәлелі, халық бұл ұзақмерзімді стратегияны жаппай қолдады.

«Біз қазір бір ел болып Әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құрып жатырмыз. Осы ортақ іске азаматтарымыз белсене қатысуда. Халқымыздың реформаларға деген сенімі зор. Себебі жұртымыз – жасампаз әрі жаңашыл. Елімізде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келеді. Қоғамда әр алуан пікір болса да, тұтас елдің мақсат-мұраты – бір. Жұртшылық масыл болу, орынсыз сын айтып, мін тағу секілді теріс қасиеттерден жирене бас­тады. Біз еңбекқор, білімпаз және озық ұлт болуға ұмтылған елміз. «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің басты бағдарына айналуда. Елімізде саналы, сапалы қоғам қалыптасып келеді. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да – осы. Бұл тарихи мағынасы бар жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Біз ұлттық болмысымызды бекемдеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайта береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Президент жастарға қарата сөз сөйлеп, олар төл тарихымызды терең білу өте қажет екенін, бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес екенін айтты.

«Әрбір жас келешекке айқын көзқарас­пен қарап, нық қадам басуы керек. Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болма­ған үрдістер пайда болып жатыр. Жасан­ды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қан­дай ықпалы болмақ екені әлі толығы­мен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз мығым, бо­лашағымыз баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!» деді Мемлекет басшысы.

Осылай дей келе Президент сөзінің соңында еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілегін білдірді. Бұдан соң Мемлекет басшысы «АЛЖИР» музейін аралап көріп, тоталитарлық жүйе құр­бандарының өмірінен сыр шертетін бірегей құжаттар, тұтқындардың жеке заттары, архив материалдарымен таныс­ты. 1938–1953 жылдары мыңдаған әйел адам төзгісіз жағдайда жазаларын өтеген бұл қасіретті орын – бүгінде маңызды жалпыұлттық ескерткіштердің бірі.