Мәдениет • 03 Маусым, 2025

Алматыда Қытай Ұлттық музейі жауһарларының көрмесі өтеді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5 маусым күні Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қытай мәдениетінің інжу-маржандарына арналған бірегей көрме ашылады. «Қытай өнерінің ой-мақсаттары – Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» атты бұл көрмеде Қытайдың ХХ–ХХI ғасырдағы белгілі суретшілерінің 50-ге жуық туындысы көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда Қытай Ұлттық музейі жауһарларының көрмесі өтеді

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, экспозиция кескіндеме, графика және мүсін өнерінің түрлі жанрларын қамтиды. Авторлар дәстүрлі Сиэйи (еркін бейнелеу) стилінің негізінде стиль, техника және материал ерекшеліктері арқылы туындылардың тек сыртқы формасын емес, ішкі рухани мазмұнын да терең ашуға тырысқан.

Айта кетейік, 2018 жылы Қастеев музейі Жібек жолы бойындағы музейлер мен галереялардың Халықаралық альянсына қосылған болатын. Бұл бастама Қытай Ұлттық музейінің қолдауымен іске асып, қатысушы елдер арасында шығармашылық байланысты кеңейтуге себеп болды.

Көрме Қытайдың заманауи өнерін тереңірек түсініп, оның мәдени болмысымен жақын танысуға жол ашады.