Оқиға • 03 Маусым, 2025

ШҚО-да аурухана алдынан ер адамның мәйіті табылды

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысында бір топ адамның жас жігітті ұрлап, артынан оның денесін Өскемен қаласындағы аурухана алдына қалдырып кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да аурухана алдынан ер адамның мәйіті табылды

Фото: Ашық дереккөз

ШҚО Полиция департаменті бұл ақпаратты растап, қылмысқа қатысы бар күдіктілердің жеке басын анықтаған.

«Қазір үш ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тағы үш күдіктіге іздеу жарияланды. Оқиғаның мән-жайын және себептерін анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомство қазіргі таңда әлеуметтік желілерде тараған «қауіпті қылмыскерлер қашып кетті» деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жалған мәліметке байланысты полиция халықты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

«Қоғамда негізсіз дүрбелең тудырмау үшін азаматтарды тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырамыз. Белоусовка кентіндегі ЕММЖ патрульдерінің қатысуымен жүргізілген шаралар жоспарлы сипатта болды», делінген хабарламада.

Бұған дейін Павлодар облысында бұрынғы полиция қызметкерлері де қатысқан қылмыстық топ ұсталып, олар адам ұрлау және ірі көлемде ақша бопсалаумен айналысты деген күдікке ілінген болатын.