
Сурет: mnu.kz
Заң жобасы Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Құжатта жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, мемлекеттік қызметкерлер үшін көлденеңнен өсу мүмкіндіктерін енгізу сынды өзгерістер бар. Басқосуда агенттік төрағасы заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптары да жаңаша айқындалғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағидасы мемлекеттік аппараттың жұмысын ашық, адамға бағдарланған сипатта ілгерілетуді көздейді. Жаңа заң жобасында отансүйгіштік, ашықтық пен кәсібилік, клиентке бағдарлану мен құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қамтитын талаптарды заңнамалық тұрғыда бекіту жоспарланып отыр, – деді Д.Жазықбай.
Сондай-ақ құжатта мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге адалдығын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу қарастырылған. Одан бөлек, билік тармағында қызмет ететін азаматтарға мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау қажеттілігі туындаған жағдайда жауапкершіліктен және бюрократиядан қаймықпай басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.
Тағы бір өзгеріс – ішкі конкурстарды жою. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, бұл кадрлық іріктеу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға жол ашады.
– Жапония мен Сингапур тәжірибесіне сүйеніп, жастарды мемлекеттік органдарға тарту мақсатында мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылады. Бастама дарынды жастарды мектеп жасынан бастап мемлекеттік қызметке ынталандыруға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл заң жобасы мемлекеттік қызметтің мәнін, оның басты мақсаттарын және азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайды. Құжат тек еңбек және құқықтық қатынастарды емес, сондай-ақ мемлекеттік аппарат пен қоғам және азамат арасындағы өзара байланысты реттеуге бағытталған, – деді ол.
Дөңгелек үстел жиынына қатысушылардың пікірінше, ұсынылып отырған заңнамалық шаралар мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуіне, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне қоғам сенімінің артуына ықпал етеді. Іс-шара қорытындысында сарапшылар заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.