Өндіріс • Кеше

«Дамирдің» дәмі

110 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарағандының ұны. «Дамир АА» кәсіпорнының тіл үйірер дәмі. Жиырма жыл уақыт. Нарық ығыстыра алмаған ырысы мол кешен. Тамақ өнеркәсібі индустриясының игілігін толық сезінген серіктестік. Италияның технологиясымен макарон өндіретін бірегей кәсіпорын. Ұнның түр-түрін шығаратын алпауыт диірмен. Әр үйдің асханасында бар дәстүр мен сапа үйлесімі. Өңірдің брендіне айналған бірегей компания.

«Дамирдің» дәмі

Суреттерді түсірген – автор

«Дамир АА» ЖШС өнімі на­рықты мойындатып отыр. 2002 жылдан бері Қарағанды облысы мен жақын өңірлерді сапалы ұн, макарон өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Алғашқыда тонна-тонна ұн шығара бастаған зауыт басшылығы елдегі макарон өнімінің тапшылығын байқап, түрік технологиясын енгізіп, базасын жабдықтап, тәуекел етіп, алғашқы өнімдерін шығарады. Зауыт басшылығы Италияның «Fava» жабдықтарын алу үшін «Даму» қоғамдық қорынан 1 пайыздық мөлшермен несие рәсімдепті. Үкіметтің ең үлкен көмегін сонда сезіндік дейді. Осылайша, екі-үш мәрте «Дамудың» жеңілдетілген несиесі арқылы технологиясын жетілдіріп отырған.

ро

Кәсіпорынның өз зертханасы бар. Заманауи үлгіде жабдықталған. Келген астықтың сапасы тексеріледі. Астықты алқаптан тонна-тонна бидай тиеген жүк көліктерінен түтік бекітілген жабдықпен сынама алынады. Біреуі тексеріссіз өтпейді. Әлгі құрылғымен әр жерінен қаузап алынып, зерт­ханаға келеді. Егер зертхананың талабынан өтсе, онда дала дәмі бірден диірменге түседі. Зертхана қызметкері Саягүл Қасымбекова компания ашылғалы бері еңбек етіп келеді, білікті маман.

«Бидайды жан-жақты тек­сереміз. Дән сапасы, көлемі бо­йын­­ша сұрыпталады. Зиян­кес­тер мен өзге де кеселдерден аман­дығын анықтаймыз. Содан кейін қабылдау-қабылдамау туралы, қабылданса, сұрпына қарай қай қоймаға жөнелту туралы нұсқау береміз. Арнайы аппа­ратпен ыл­ғалдылықты тексереміз. Ұнның сапасы сағат сайын бақылаудан өтеді. Егер талапқа сай келмесе, өнім қайта өңдеуге жіберіледі. Өйткені ең басты міндет – азық-түлік қауіпсіздігі», дейді Саягүл Нығ­метқызы.

пр

Зертхана тексеруінен ойда­ғыдай өткен жүк көлігі таразыға тұрады. Таразыдағы мамандар көлікті өлшеп, өнім салмағын тіркейді. Таразыдан түскен көлік астық төгетін бункерге барады. Әрі қарай дақыл конвейер арқылы кептіру қондырғысына жеткізіледі. Жалпы, элеватордағы жұмыс жүйесі толығымен авто­маттандырылған.

Кәсіпорын бидайды сапасына қарай келісін 90–130 теңге арасында қабылдайды. Көбі­не Осакаров, Нұра ауданда­ры­нан алады. Өңірдегі қойма­лар түгесілген соң, Павло­дар, Қос­танай өңірінің диқанда­­­ры­нан қабылдайды. Осылайша, өңірдегі зауытта шығарыла­тын өнім аймағымызда өсірі­ле­тін жоғары сапалы ас­тық­тан дайындалады. Зауыт техно­лог­тері­нің айтуынша, өнімде бояғыш заттар, химиялық, өзге де зиянды қоспаларды мүлдем қолданбайды. Яғни экология­лық таза, 100 пайыз та­биғи өнім. Мұндағы бидайдан жасалған өнімдердің құрамында адам ағзасына қажет дәрумендер мен минералдар мол.

пр

Макарон фабрикасының тәжірибелі технологі Кәріпжан Нығманов та кәсіпорын ашыл­ғалы бері осында қызмет етіп келе­ді. Италиялық технологияны әбден меңгеріп алған. Жауап­ты цехында 9 қызметкері бар.

«Бір жақсысы, біз ұн өнімін өзіміз өндіреміз. Бірнеше сағат зертханадан әбден тексеріліп келген өнімге аса қатты алаң­дамаймыз. Өйткені сапасына сөз жоқ. Дайын ұн макарон фабрикасына келеді. Арнайы бункерлерде сақталатын ұн електен өтіп, макарон дайындауға қажетті мөлшерде ұн алынады. Қамырды араластыратын машинаның ішінде ұн мен таза су араластырылып, қамыр жасалады. Кейін арнайы қалып­таманың ішінде қажет пішін­дерге бөлініп, кептіріледі, сал­қындатылады. Дайын болған өнім әртүрлі пішіндегі қаптарға салынып, қой­маға жіберіледі», дейді Кәріпжан Мұғзарұлы.

Макарон фабрикасы тоқтау­сыз жұмыс істейді. Барлық жүйе автоматтандырылған. Дайын өнім сақталатын, кептіріліп, сал­қын­­датылатын 8 бункер бар. Оның әрқайсысы 3–3,5 тоннадан.

ап

«Дамир АА» макароны – еш­қандай қоспасыз, консерванттарсыз, 100 пайыз табиғи өнім. Макаронның 12 түрі, спагеттидің 2 түрі мен бесбармақ кеспелерін шығарады. Дайын өнім 8–10 минутта пісіп шығады. 400 грамнан бастап 10 килоға дейін пакетке қапталады.

Ұн фабрикасынан жоғарғы, бірінші сұрыптағы ұн шығады. Кәсіпорын басшылығы көп ұзатпай тұтас бидай ұнының да технологиясын әкеліп енгізді. Құнары мол тұтас бидай ұны 2 килодан 25 килоға дейінгі қапқа қапталады.

Түркиядан алдырылған арнайы басқару штабы арқылы барлық жұмыс жүйесін қада­ғалауға болады. Бұл жерден аппараттардың жұмыс істеуін бақы­лайды. Қандай да бір құ­рылғы істен шығатын бол­са, онда штабтағы сигнал арқы­лы бірден анықтап, ақауды жо­йып, қайта іске қосуға болады. Осылайша, тонналап ұн шы­­ғаратын кәсіпорын түрік тех­но­логиясы арқылы жұмысын жеңілдетіп отыр.

Осындай түрлі макаронымен кеңінен танымал «Дамир АА» компаниясы өз клиенттері үшін жоғары сапалы өнімдерді ұсына отырып, еліміздің нарығында 20 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Астана, Алматы секілді ірі қала­лардың дүкен сөрелерінде өнімдері бар. Павлодар, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау, Ақмола, Алматы облыстарына да тонна-тонна өнімдерін жеткізеді.

Жер-жерге жеткізу мәселе­сінде кедергі жоқ. Келісілген уақыттан кешіктірмей жеткізеді. Тауарын теміржол, жүк кө­ліктері арқылы тасымалдайды. Зауыттан келіп алып кететін де кәсіпкерлердің қатары көп. Қарағанды қаласындағы су­пер­маркеттерге, базарлар мен дүкен­дерге кәсіпорынның 1,5 тон­надан 20 тоннаға дейін көте­ретін 12 жүк көлігі таратып, тасымалдайды.

«Біздің зауыт әйгілі Италия­ның технологиясымен жұмыс істейді. Екі жыл бойы Италия­ның мамандары келіп, орналас­тырды. Жергілікті мамандарды да үйретті. Қазір де италиялық технологтермен онлайн жұмыс атқарамыз. 2009 жылы «Даму» қорының жеңілдетілген несие­сімен, жаңылыспасам, шамамен 2,5 млн еуроға спагет­ти өндіретін жабдық сатып алдық. Екі жыл бұрын 25 тон­налық түрік диірменін іске қостық. Технологиясы ата-ба­ба­ла­рымыздың тас диірмені сияқ­ты. Соның арқасында тұтас бидай ұнын брендке ай­налдыр­дық», дейді фабрика директоры Нұрлан Момынов.

Кәсіпорын басшысы Қа­рағанды бойынша 25 диірмен бар дейді. Біздің өңір ұн шығарудан үшінші орында. Сол себепті, сату мәселесі алдыңғы шепке шыққан. Сауда нарығын игеру үшін арнайы коуч сабағын сатып алған. Тәжірибелі мамандардан екі ай бойы оқып, нәтижесін іс барысында көреміз дейді.

Өзбекстанда өткен халық­аралық көрмеде кәсіпорынның жоғарғы сұрыпты ұн мен макарон өнімі алтын медаль же­ңіп алған. Алматы қаласында «FoodExpo Qazaqstan 2023» көрмесінде «Үздік өнім» аталымы бойынша I орын алды. Былтыр да осы көрмеде үздік ұн өнімдері үшін тағы да I орынды жеңіп алған.

Ұжымның 70 пайызы фабрика ашылғалы бері жұмыс істеп келеді. Әкімшілікті қоса есептегенде 100-ге тарта қызметкер бар. Оларға үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырады. Онымен қоса, нөл пайыздық несие береді. Балалары үйленгісі келсе, көлік алғысы келсе, кәсіпорын 3-4 млн теңге береді. Айлығынан 100 мың теңге ұстап отырады. Былай қарасаңыз, жылдық мөлшері 25 пайыздық банктерден әлдеқайда тиімді, әжептәуір көмек.

«Дамир АА» кәсіпорны жомарт. Үнемі мешіттерге, же­тімдер үйі мен қарттар үйіне қап-қап ұн, макаронның түр-түрін жіберіп отырады. Әсі­ре­се, қа­йы­рымдылықты Рамазан ­айында, мереке күндері жиі ұйым­дастырады.

Мінеки, өңірімізде өндірілетін тамақ әлемдік стандартқа сай, жоғары сапалы әрі экологиялық таза. Көршілес елдерден экспортталатын өнімдерден гөрі туған топырағымызда егіліп, піскен астық ағзамызға әлдеқайда пайдалы әрі құнары мен құны жағынан да тиімді.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03