
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Депутат Снежанна Имашеваның мәлімдеуінше, құжат Конституцияның 30 жылдығына байланысты гуманизм қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында әзірленген.
– Заң жобасында азаматтармен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысына қатысушыларды, мүгедектерді және оларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылады, – деді С.Имашева.
Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Одан кейін жалпы отырыста халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды. 2024–2025 жылдары фармацевтика саласында жүргізілген екі аудиттің қорытындысын Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндады. Оның айтуынша, салада бірқатар өзекті мәселе мен кемшілік анықталған. Олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейінгі барлық деңгейде кездескен.
– Елдегі фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. 2022–2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған. Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Кейінгі 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген, – дей келе Ә.Смайылов отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайғанын айтты. Яғни отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқарып жатыр.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы былтыр жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізгенін, алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келетінін сөз етіп, бұл шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетіп отырғанын жеткізді. Демек өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмей отыр.
Сәйкесінше кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Тіпті мемлекеттік аудиттің қорытындысында компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылғаны келтірілген.
Бұған қоса жарамдылық мерзімінің өтуі жақындаған препараттарды тарату бойынша 67 мыңнан аса факті анықталған. Сонымен қатар пациенттерге қажеттіліктен асатын көлемде немесе клиникалық хаттамаларда көзделмеген препараттарды тағайындау фактілеріне де жол берілген.
Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені белгілі болды. Бұған басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылуы.
– Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Жалпы, екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады, – деп түйіндеді Ә.Смайылов.
Қосымша баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов те еліміз дәрілік заттардың импортына батып бара жатқанын айтты. Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойған еді. Алайда былтыр бұл тек 15%-ды құрады.
– Біз импорт «теңізіне» батып барамыз. Дәрілердің 84%-ын шетелден әкелеміз. 89 отандық өндірушінің тек 2%-ы дәрі шығарады, ал қалғаны маска немесе шприц сияқты медициналық заттарды өндіреді. Осындай жұмыспен жыл соңына қарай қойылған мақсатқа жету мүмкін емес. Отандық өндірушілерді қолдауға қомақты қаржы жұмсалып жатыр. Бірақ біз қандай пайда көріп отырмыз? Бұл өнімдерде отандық экономиканың үлесі де аз, қағаз да, шыны да көбіне сырттан келеді. Сонда миллиардтаған субсидиялар мен қолдауымыз жасанды, иллюзиялық өндіріске кетіп жатқан жоқ па? Әлі күнге дейін локализация деңгейі белгісіз, инвестициялық келісімшарттар бойынша да сұрақ көп, – деді А.Аймағамбетов.
Осы мәселе депутат Нартай Сәрсенғалиевті де толғандырды. Оған Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Ардақ Амангелдіұлы былайша жауап қатты.
– Осы мәселе аясында біз былтырдан бері арнайы департамент құрып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір нақты 34 тауар өндіруші бар. 90 шарт негізінде 507 дәрі-дәрмек өндіріледі және 2 мыңдай медициналық бұйым шығарылады. Осы шарттардан басқа 7 жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ондағы жалпы инвестиция көлемі – 650 млн доллар. Оларды іске қоссақ, біздің қосымша өндірілетін өнім 2029 жылы 300 млн долларға өседі деген жоспарымыз бар, – деді ол.
Бірнеше сағатқа созылған қызу талқылаудан соң, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлаудың нақты критерийлерін әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің отандық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді келісімшарттардың орындалуын бақылау жөніндегі функцияларын Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құзыретіне беру қажет екенін айтты.
– Дәрілік заттарды өндірушілермен оларды тікелей өндірушілерден сатып алу үшін шарттар жасасу мәселелерін пысықтау керек. Халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін және оларды есептен шығаруды ұтымды жоспарлаудың нақты критерийлерін әзірлеу, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, дәрілік заттарды сатып алу мониторингі мен бақылау жүйесін күшейту қажет. Контрафактілік және жалған фармацевтикалық өнімдердің айналымға түсуіне жол бермеу үшін дәрілік заттардың сапасына, оның ішінде оларды өндіру үдерістеріне мемлекеттік бақылауды күшейту маңызды, – деді Е.Қошанов.
Жиында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Аталған келісімге сәйкес ұшу сынақтарының мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыру, 2028–2039 жылдар аралығында «Бәйтерек» кешенінен ресейлік тараптың кепілдендірілген ұшыру санын жылына 2-ден 3 ұшырылымға дейін арттыру, бейрезидент үшін қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану қарастырылған.
– Қазіргі кезде «Бәйтерек» жобасы бойынша тараптар арасында бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Қазақстан жағы өзіне алған барлық міндеттемені орындап келеді. Қазақстан қажет қаржыны бөлді, орындаушыларға аванс төленді. Жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстар тиісті кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Ресей жағы «Союз-5» зымыран-тасығышын, оның бақылау-тексеру аппаратурасын дайындау жұмыстарын іске асырып отыр. Сонымен қатар ресейлік өндіруші кәсіпорындарда технологиялық жабдықтарды дайындау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, олардың зауыттық сынақтары қазақстандық мамандардың қатысуымен атқарылады. «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылуы 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Жалпы отырыс қорытындысында Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы заң жобасы мен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі құжат екінші оқылымда қаралып, Сенатқа жолданды.