
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Жиынға ТМД-ға мүше елдердің Үкімет басшылары мен ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Кеңес жұмысы аясында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон делегация басшыларымен ұжымдық кездесу өткізді.
Үкімет басшылары кеңесінің отырысында Олжас Бектенов Қазақстанның ұйымды одан әрі дамытуға әрі оның әлеуетін нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екенін атап өтті.
«Ынтымақтастықтың қалыптасқан тетіктерінің, елдер көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен үкіметтерінің күш-жігері нәтижесінде ТМД кеңістігінде орнықты даму мен дәйекті экономикалық өсу қамтамасыз етілуде. Бұған өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің жалпы ЖІӨ көлемінің 4,5%-ға артуы дәлел. Өзара сауда-саттық тұрақты өсуде. Өткен жылы Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 1,2%-ға өсіп, $37,3 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіштер экономикалық байланыстардың тұрақтылығын ғана емес, сонымен қатар біздің экономикаларымыз арасындағы өзара толықтырудың жоғары деңгейін көрсетеді», деді Олжас Бектенов. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан Премьер-министрі экономиканың келешегі зор салаларында бірқатар бастама көтерді.
Жиында электронды сауда саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Қазақстанда өткен жылы e-commerce көлемі $6,2 млрд-ты құрады. ТМД-да электронды сауда әлеуетін толыққанды іске асыру үшін инфрақұрылымдық базаны дамыту, бизнесті қолдау, тұтыну құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және тағы басқа бойынша шаралар түріндегі кешенді тәсілдің қажеттігі атап өтілді. Бұл шетелдік серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты нығайтады және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Көлік-транзиттік инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан аумағында іске асырылатын аса маңызды жобалар атап өтілді. Бұл 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға, Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізгі буыны ретінде Трансқазақстандық теміржол дәлізін кеңейтуге, Астананы еліміздің батыс өңірлерімен және халықаралық бағыттармен байланыстыратын «Орталық – Батыс» күре жолын салуға бағытталған «Солтүстік – Оңтүстік» шығыс бағытын дамыту жөніндегі кешенді жол картасы. Аталған жобалар Қазақстан Президентінің ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі бастамасын іске асыруда маңызды элементтер саналады.
Елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын стратегиялық сала - ауыр машина жасау. Қазақстанның ТМД елдерінің серіктестерімен ынтымақтастығын дамыту келешегі атап өтілді. Жеңіл өнеркәсіп саласында кооперацияны тереңдету, бірлескен өндірістік жобалар мен кластерлерді қолдау маңызды.