
Экономикалық табыс еселеген
Қаланың даму қарқынын экономикалық өсіммен өлшесек, алып шаһар бұл бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін аңғарамыз. Мәселен, 2024 жылы қала бюджетіне 2 трлн теңгеден астам қаржы түскен. Ең бастысы, бюджет түсімдерінің 93%-ы меншікті кірістерге тиесілі. Қаланың экономикалық өсуін жекелей талдар болсақ, өңдеу өнеркәсібі – 17,6%-ға; сауда – 14,5%-ға; Қаржы және сақтандыру қызметтері 12%-ға; ақпарат және коммуникация 11,3%-ға; жылжымайтын мүлік операциялары – 6,9%-ға; көлік және қоймалау салалары – 5,7%-ға өскен.
Биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша Алматыда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 543,3 млрд теңгені құрап, 35,6%-ға артқан. Инвестиция құрылымында жетекші орынды өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, қаржы және сақтандыру салалары иеленіп отыр. «Қаланың экономикалық табысы – стратегиялық жоспарлау мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы оңтайлы бастамалардың арқасында еселеген», дейді сарапшылар. Әсіресе, машина жасау (137,5%), полиграфия (143%), тамақ өнеркәсібі (100,8%) және химия өнеркәсібі (117,1%) ерекше серпінмен дамып келеді.
Қалада жалпы құны 2 402,4 млрд теңге болатын 195 жоба қолға алынған. Бұл – шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиевтың айтуынша, 2025 жылы құны 555,1 млрд теңге болатын 45 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Changan», «Chery» және «Haval» маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт, «Wildberries» логистикалық орталығы, сондай-ақ, шыны ыдыс пен арматуралық тор өндіретін кәсіпорын бар.
Әлеуметтік даму басты назарда
Күн санап аумағы артқан шаһарда әлеуметтік салаларды жетілдіру басты назарда. Өткен жылы бюджеттің әлеуметтік бағдарлануын қамтамасыз етуге 1,6 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған болса, оның 38,7%-ын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және туризм секілді әлеуметтік салалар құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,8%-ға көп. Қаланың әр бұрышында есік ашқан әлеуметтік қолдау орталықтары, бұқаралық спортқа баулитын салтанатты алаңдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған игі бағдарламалар әлеуметтік даму бағытындағы оң динамиканы көрсетеді.
Күні кеше мегаполистің биылғы жылғы бюджеті бекітілді. Айтпақшы, Алматыда алғаш рет бюджет көлемі 2,5 трлн теңгеге жетіп отыр. Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков, бюджет негізінен әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға және қалалық ортана цифрландыруға бағытталғанын атап өтті. Маманның айтуынша, денсаулық сақтау саласына қосымша 17 млрд теңге бөлінбек. Атап айтқанда, Алмалы, Наурызбай және Түрксіб аудандарында әр ауысымда 500 адамды қабылдай алатын 4 жаңа емхананың құрылысы басталып, №4 қалалық клиникалық аурухананың құрылыс жұмыстары жалғасын таппақ. Сондай-ақ, орфандық аурумен ауыратын алматылықтар үшін медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуға, №23 емхананы және «Алау» оңалту орталығын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылған. Білім беру саласында Жас Қанат шағынауданындағы жаңа балабақшаның құрылысын аяқтауға, Алатау және Алмалы аудандарындағы №168 және №10 балабақшаларды қайта жаңғыртуға қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, №174 мектепке қосымша құрылыс, №17, №50, №56 және №124 мектептерге сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілмек.
Туризмнің тынысы кеңейді
Алматы – еліміздің әуе қақпасы. Елге табан тіреген туристердің басым бөлігі ең алдымен Алматыға аялдайтыны анық. Қала экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететін салаларды одан әрі ілгерілетуіміз қажет деген қала әкімі Дархан Сатыбалды алғашқы жұмыс аптасында мегаполистің туристік тартымдылығын саралап, алдағы жоспарды бағдарлады.
Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың мәліметінше, 2024 жылы Алматыға 2,3 миллион турист келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 14,8 пайызға көп. Әсіресе, шетелдік туристер саны айтарлықтай артқан. Сандық көрсеткіш 27 пайызға өсіп, 686 мың адамды құраған. Қалаға келушілер санының артуы Алматы экономикасына септігін тигізіп отыр. 2024 жылы туризм саласынан түскен салық 90,7 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетіп, 2,1 пайызға ұлғайған.
«Бұл жүйелі әрі белсенді маркетингтік саясаттың жемісі. Алматы халықаралық туристік рейтингтерде – CNN мен Booking.com секілді платформаларда саяхаттауға арналған ең тартымды бағыттардың бірі ретінде танылып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша алматылық туроператорлар шетелдік серіктестермен 156 келісім жасасып, 2027 жылға дейін 110 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдауды көздеген. Бұл кезеңдегі күтілетін экономикалық әсер 165 миллион АҚШ доллары болмақ (бір туристің орташа шығыны – 1 500 доллар деп есептелген). 2025 жылы Туризм басқармасының негізгі міндеттері таулы аймақтардағы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, қонақ үй қорын кеңейту, сондай-ақ, іскерлік туризмді өркендету болмақ. Бұл бағыттар туристер легінің артуына серпін береді»,- дейді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Алматы тарихи ескерткіштерімен, тұмса табиғатымен танымал. Алматыға келген жанның аңсары ең алдымен шың басындағы Шымбұлақ пен Көк-Төбеге, мұзарт биіктегі меруерт Медеуге ауатыны анық. Алматының туристік әлеуетін танытатын бұл үш нысан аймақтың паспорты дерсіз. Әсіресе, тоқсан ақын толғаса тіл жетпейтін Көк-Төбенің көркем кейпі көрген жанның көңілін баурайды. Биік төбе басынан әсем шаһарға маңғаздана қарап мұң шаққан шайырлардың арзу-арманы, ғашықтардың әппақ тілегі, айнымасқа серт берген адал достардың алғаусыз көңілі жатыр мұнда...
Дархан Сатыбалды туризм саласын шаһардың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды драйверлердің бірі ретінде атап өтіп, тиісті басқармаға туристік инфрақұрылымға инвестиция тарту және Алматыны ішкі және халықаралық деңгейде тартымды туристік бағыт ретінде дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Ғылым саласында серпін бар
Кез-келген саланың кеңге қанат жаюы үшін, алдымен білікті маман даярлаудың маңызы зор. Мегаполисте инновациялық қадамдар үшін жақсы инфрақұрылым қалыптасқан. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының үштен бірін құрайтын қалада 80-нен аса ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істеп, 150 мыңнан астам студент білім алады. Қалада ғылым мен білімнің терең тамыры жайылып, ұлттық зияткерлік әлеуеттің негізі қаланды. Әсіресе ғылыми инфрақұрылым қарқынды дамуда. «Alatau IT City» ақпараттық технологиялар паркі, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар инновациялық жобаларды қолдап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстарды нығайтты. Шаһар ғылым мен білімнің, инновация мен зерттеудің тоғысқан нүктесі. Қолға алынған ғылыми инновациялардың арқасында соңғы жылдары бизнес пен капиталдың тың тыныс алып келе жатқаны байқалады. Қала экономикасының елеулі бөлігін қызмет көрсету мен сауда-саттық құрап отыр. Күн өткен сайын Алматының экономикалық потенциалы артып, инфрақұрылым жүйелері жаңарып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, ел дамуының серпін алуына зор септігін тигізеді.
Алматы – ақылды қала
Бүгінгі нарықтағы ғаламдық бәсеке барысында жетекші мегополистер сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге өтуде. Алматыда бұл бағытта елеулі өзгеріс көп. Соның бірі жаңа тұрпатта дамыған көлік жүйесінің қызметі. Автобус парктерін жаңарту деңгейі едәуір артқан. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу шаһардың экологиясына оң әсер етіп отыр. Орталық аумақтарда тұтастай велодәліз жасақталды. Алматыны тыныш аудандармен және кейін қосылған елді мекендермен байланыстыру мақсатында қолданысқа берілген метро бекеттері тұрғындарға жайлылық тудырып отыр. GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істеуде, барлық автобустарға бейнебақылау орнатылған. Оған қоса тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардан түскен шағым бойынша айыппұл салу ісі жүзеге асқан. Қалада ЖКА-на қатысты фото-видеофиксация жүйесі жұмыс істейді.
Көлік жүйесін реформалау ісі үздік халықаралық мамандармен бірге жүзеге асуда. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын айтулы компаниялар бар. Бірер жыл бұрын Алматы «Ақылды қалалар» цифрлы трансформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған байқауда үздіктер қатарынан көрінген болатын. Елу ең үздік әлемдік практика мен инновациялық жобалардың финалдық үштігіне Алматымен қатар «Анкара парк» туристік жобасы мен түрік астанасы Анкара мен «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен хорваттың Загреб қаласы да енген болатын.
Мегаполистің тарихи маңызы
Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді. Бүгінде Алматы білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қалаға жаңа аумақтар қосылып, көлемі 2 есеге ұлғайды. Халық саны да еселеп өсті. Қазір Алматыда банктердің, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Осында ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мекемесінің өкілдіктері Орталық Азияның өңірлік хабына айналып отыр. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық мәселелеріне қатысты ауқымды жұмыс жүргізілуде.
АЛМАТЫ