Халық • Бүгін, 14:56

Шетелдегі қазақтар туралы бірыңғай тізім әзірленеді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміз шетелде тұратын этникалық қазақтар жөнінде бірыңғай ақпараттық тізім дайындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Шетелдегі қазақтар туралы бірыңғай тізім әзірленеді

Министрдің айтуынша, бұл тізім Migration.enbek.kz платформасының құрамына енеді. Жоба шетелдегі мекемелер, «Отандастар» қоры және диаспоралармен бірлесіп жүзеге асырылады.

Мұндай жүйе этникалық қазақтармен байланысты күшейтіп, тарихи отанына көшіп келгісі келетіндерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл бастама көші-қон саясатын реформалауға бағытталған.

Министрлік этникалық репатриацияны жетілдіру аясында қандас мәртебесі мен қолдау тетіктерін қайта қарауға кіріскен. Сонымен қатар қандастарға арналған жеке «Қандас» цифрлы платформасын іске қосу көзделіп отыр.

Жаңа жүйе шетелден келген қазақтарды бейімдеуге көмектесіп, олар үшін баспана, тіл үйрену курстары, жаңа мамандық беру бағдарламалары, интеграцияны бақылау шаралары іске қосылады.

Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы көші-қонды дамыту орталығы құрылады. Ведомство дерегінше, бұл құрылымға қосымша бюджет шығындары қарастырылмайды.

1991 жылдан бері Қазақстанға 1,1 миллионнан астам этникалық қазақ оралды. Ал биыл жазда шетелден келген 150 қазақ баласы Бурабайда демалып, ана тілін мен дәстүрін үйренуге мүмкіндік алды.