
60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғалиға тең келер ешкім табылмады. Әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль олжалаған оғылан бұл жолы да өзінің мықтылығын мойындатты. Шешуші белдесуде Сыр бойының саңлағы кәнігі қарсыласы жетісулық Ғалым Қабдунасаровты жеңді. Айдостың командалық әріптесі Алпамыс Дастанбек 55 кг салмақта топ жарды.
Қостанай облысы өкілдері арасынан Юсуп Мациев (97 кг) пен Мансур Шадукаевтың (130 кг) мерейі үстем болды. Мациев ақтық сында шығысқазақстандық Салауат Ахметқалиді жеңді. Мансұр финалда Алматы облысының спортшысы Ақарыс Бердашовтан басым түсті. Тағы бір алтынды финалда солтүстік өңірден келген Данияр Қаленовті қапы қалдырған астаналық Мерей Мәулетқанов (72 кг) олжалады.
63 кг салмақта алматылық Еркебұлан Ардақовтың айы оңынан туды. Финалда ол жарыс қожайыны Асаухат Мұхамадиевтің өрескел қателігін ұтымды пайдаланды. «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер 67 кг салмақ дәрежесінде 2023 жылғы жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігінің жеңімпазы, Азия чемпионы, Жамбыл облысының өкілі Сұлтан Әсетұлы жеңімпаз деп танылды. Тараздан келген тағы бір балуан Талас Әшірханов 77 кг салмақта алдына жан салмады. 82 кг салмақта Альмир Төлебаев топ жарды. Финалда ол Алматы облысының өкілі, тәжірибелі Қаһарман Қисметовті қапы қалдырды.
87 кг салмақтың финалдық сайысында астаналық Мақсат Сайлау мен солтүстікқазақстандық Ислам Евлоев күш сынасты. Белдесудің аяқталуына 10 секунд қалғанда Ислам қарсыласын кеудесінен аса лақтырып, айқын жеңіске қол жеткізді.