
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Кездесудің басты тақырыбы – шегірткеге қарсы күрес шаралары болды. Тараптар маусымдық зиянкестерге қарсы тиімді күрес жүргізу тәжірибесімен танысты.
Кездесу барысында Locust.uz жүйесі таныстырылды. Бұл – шегірткелер жұмыртқа салған аумақтар мен химиялық өңдеу жүргізілген жерлер туралы мәліметтер енгізілетін электронды платформа. Жүйе жағдайды дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе GPS құрылғылары арқылы арнайы техниканың қозғалысын қадағалап отырады. Бұл шегірткенің кең аумақтарға таралуына жол бермей, жедел шара қолдануға жағдай жасайды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту, халықаралық фитосанитариялық стандарттарды енгізу және ақпарат алмасуды дамыту жөнінде уағдаласты.
Тараптар шекара маңындағы аймақтарда шегірткеге қарсы күрес, фитосанитариялық жағдай, зерттеу нәтижелері, зиянды ағзалардың таралуы және жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы жедел мәлімет алмасуға ерекше назар аударатын болады.
Сондай-ақ фитосанитариялық сертификаттар бойынша тиімді әрі тұрақты деректер алмасуды қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспарланып жатыр.
Аталған ынтымақтастық өңірдегі ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін арттыруға және қатысушы елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.