Мектеп • Бүгін, 13:45

Маңғыстау облысындағы 65 мектептен заңбұзушылық анықталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын жаппай тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстау облысындағы 65 мектептен заңбұзушылық анықталды

Фото: gov.kz

Тексеру нәтижесінде 66 мектептің 65-і санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзғаны белгілі болды. Оларға 18 млн теңгеден астам сомаға 57 айыппұл салынып, 60 ұйғарым берілді. 62 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 1 материал сотқа жіберілді.

Анықталған негізгі заңбұзушылықтар:

  • санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеу;
  • құжатсыз немесе мерзімі өткен өнімдерді пайдалану;
  • ыстық судың болмауы;
  • санитариялық режимнің сақталмауы;
  • медициналық тексеруден өтпеген және денсаулығы күнделікті бақылауға алынбаған қызметкерлердің жұмысқа жіберілуі;
  • бактерия тасымалдаушылардың (дизентерия, стафилококк) анықталуы;
  • ыдыс-аяқ пен құрал-саймандарды дұрыс жумау (шайындылардың 7,2%-ынан ішек бактериялары табылған).

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту, ал білім басқармасына мектеп асханаларын санитариялық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ тамақтану қызметтерін жеткізушілерге қойылатын талаптардың орындалуын тұрақты тексеруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар мектептердің бракераждық комиссияларының жұмысын жандандыру ұсынылды.

Денсаулық сақтау басқармасына қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларының заңнама талаптарына сәйкес берілуін және медициналық тексерулердің толық көлемде жүргізілуін қатаң бақылау жүктелді.

Бүгін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова Маңғыстау облысының активі алдындағы кеңесте сөйлеген сөзінде:

«Тексеру қорытындылары мектептегі тамақтануды ұйымдастырудың сапасы мен жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді. Мұнайлы ауданында өткен жылы 459 оқушының жаппай уланғанына қарамастан заң бұзушылықтар әлі де қайталанып отыр. Бұл мектеп әкімшілігі мен білім беру органдарының балалардың қауіпсіздігіне формалды қарайтынын білдіреді»,  деп атап өтті.

Қазір Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылдың наурыз айынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке (ҚҚП) қарсы иммундау көрсеткіші 83,9%-ды құраған.

Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ЕҰУ студенті