Мектеп • Бүгін, 17:30

Асханасы жоқ мектептің оқушылары қалай тамақтанады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылынан бастап асхана жабдықталмаған мектептерде оқушыларға арнайы түскі ас пакеттері беріледі. Бұл туралы Қазақстанның Білім министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Асханасы жоқ мектептің оқушылары қалай тамақтанады

Фото: ашық дереккөз

1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа тамақтану стандарты мен көп нұсқалы типтік мәзір күшіне енеді. Осы ережеге сәйкес, шағын жинақталған, асхана мен тамақ блогы жоқ білім беру мекемелерінде балаларға ыстық сэндвич, ашытылған сүт өнімдері (мысалы, йогурт), маусымдық жемістер және сусындар (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жемістер мен жидектерден жасалған) ұсынылатын арнайы түскі ас пакеттері дайындалады.

Министрлік сондай-ақ мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметін жеткізушілерді және бракераж комиссиясының мүшелерін жаңа стандарт бойынша онлайн оқытудан өткізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлері үшін де арнайы оқу бағдарламалары жоспарланған.

Жаңа стандартқа сәйкес, тамақ өнімдеріндегі қант, тұз және май мөлшері азайтылып, табиғи емес, сондай-ақ шамадан тыс тұзды немесе қантты тағамдар мектеп мәзірінен алынып тасталады. Оның орнына жаңа піскен көкөністер, жемістер мен табиғи ингредиенттердің үлесі артады. 1 қыркүйектен бастап мектептерде кремі бар тәттілер, гамбургер, хот-дог, пицца және басқа да зиянды тағам өнімдері сатылмайды.

Бұл шаралар балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету және олардың денсаулығын қорғау мақсатында қабылданып отыр.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Бүгін, 14:31