
- Футболдан Ұлттар лигасының бас жүлдесін Португалия құрамасы жеңіп алды. Финалда олар Испаниядан айласын асырды. Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталды. 21-минутта Мартин Субименди есеп ашса, арада бес-алты минуттай өткенде Нуну Мендеш таразы басын теңестірді. Бірінші таймның соңында Микель Оярсабаль испаниялықтарды алға шығарды. Бірақ 61-минутта Криштиану Роналду қарсылас команда ойыншыларының қуанышын су сепкендей басты. Қосымша уақытта да бұл есеп өзгерген жоқ. Пенальти соғу барысында Португалияның асығы алшысынан түсті – 5:3.