
Ауқымды ақпараттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын кеңінен насихаттауға бағытталған. Телемарафон барысында еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынған экологиялық жобалар, еріктілердің үлесі, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бастамалары қамтылды.
Есіл өзенінің жағасындағы көшпелі студиядан хабар таратылып, өңірлер мен шетелден тілшілер тікелей эфирге шықты. Сондай-ақ белгілі экологтер, табиғат жанашырлары мен сала мамандары пікір білдіріп, қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тікелей эфирде «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылған жұмыс жөнінде сұхбат берді. Ол экологиялық акцияның елді біріктірген бірегей бастама екенін ерекше атап өтті. Бүгінге дейін «Таза Қазақстан» акциясына 1,4 миллионнан астам адам қатысса, оның басым көпшілігі – жастар.
«Киелі мекен», «Киелі жер», «Киелі өлке», «Мөлдір бұлақ» сияқты игі бастамалар тек елді біріктіріп қана қоймай, патриоттық сезімді күшейте түсті. «Таза Қазақстан» акциясы науқандық, болмаса маусымдық қана шара емес. Ағаш отырғызу, аулаларды тазалау, көлдерді тазалау сияқты жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Экоакцияға қариялар, тіпті балдырғандар да белсене атсалысты», деді министр Ерлан Нұралыұлы.
Сенат депутаты Жанна Асанова «Таза Қазақстан» акциясы қоғам үшін қашанда маңызды әрі дұрыс бағыт екенін баса айтты.
«Экология – әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Шешімін табу қиынға соғып отыр. Қоқыс мәселесінің ушығуына бірден бір себеп – құрылыс саласындағы жүйесіздік. Жаңа нысандар салып жатқан кәсіпкерлердің экологиялық жауапкершілікті сезінудегі түйсігі тым төмен. Құрылыс кезінде әртүрлі жанғыш әрі зиянды қалдықтар көптеп шығарылады. Талап бұзғандарға айыппұл салынса да, жағдай мәз емес. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясының жариялануы – өте орынды бастама», деді сенатор.
Бұдан бөлек, тікелей эфирде Іле-Алатауы ұлттық паркі аумағын, Каспий теңізінің, Балықтыкөл, Зеренді, Көлсай көлдерінің жағасын тазарту жұмысы туралы арнайы материалдар көрермен назарына ұсынылды. Қызылорда облысы Қазалы ауданында аумағы 19 га болатын аллея мен Атырауда Жайық жағасындағы саябақтың, Алматыда «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті маусымының ашылуы тікелей эфирде көрсетілді.
Игі іс-шара барысында экологиялық маңызды мәселелер көтеріліп, өзекті тақырыптарға қатысты сұхбаттар жүргізілді. Оның ішінде Каспийдің жағасындағы бес мемлекеттің теңіздің экологиясын жақсарту тұрғысында қабылдап жатқан шаралары, Қазақстан мен Дағыстан мамандарының су айдынының тартылуын бірлесіп зерттеуі жөніндегі тақырыптар қамтылды.
Ел аумағындағы «Таза Қазақстан» жобасы шеңберінде қоқыстан тазарту, сенбілік жұмыстарынан бөлек, көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейін орман алқаптарына 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Бүгінде орман алқаптарына 1 млрд 369 млн, елді мекендерге
15,7 млн түп ағаш егілген. Көшпелі студияға сұхбат берген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Азамат Әбуов келешекте де көшет егу қарқынды жүргізілетінін айтты.
Тікелей эфирдегі телемарафон «Ашық алаң» бағдарламасының «Экологиялық мәдениет» тақырыбымен қорытындыланды. Спикерлер қоғамдағы экомәдениетті қалыптастыру жөнінде ой өрбітті. Оның ішінде қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу орындарын ашу мәселелері көтерілді. «Жасыл даму» АҚ бүгінге дейін 366 млрд теңгені құрайтын 64 инвестициялық жобаны бекіткен. Бұл қаражат қайта өңдеу зауыттарын салу, сұрыптау орындарын ашуға бөлінеді. Телемарафон барысында сұхбат берген «Жасыл даму» АҚ төрағасының орынбасары Данияр Досымбеков негізгі басым бағыттарға тоқталды.
«Жасыл даму» АҚ – мемлекеттік ұйым. Экологиялық кодексте көзделген 15 бағытқа қаржы жұмсайды. Үкіметтің инвестициялық штабы арқылы қазірде 64 жоба бекітілген», деді Д.Досымбеков.
Республикалық телемарафон аясында экологиялық акцияларды қолдау, қоршаған ортаны қорғау мәселесі жан-жақты талқыланды. Спикерлер табиғатты аялау, қорғау, экомәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын әр қырынан қозғап, қашанда жұмыла көтерсе, жүк жеңіл соғатынын баса айтты.