
Биылғы жазғы демалыста Отырар ауданының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 31 жалпы білім беретін мектептен 1 050 баланы жіберу жоспарланып отыр. Әр ауысымда 150 баладан демалып, лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс істейді. Ал «Машат-Арасан» лагерінде биыл Созақ ауданынан 450 бала тынығады. Демалыс аймақтарында қауіпсіздік шаралары күшейтілген, яғни бейнебақылау камералары орнатылып, кәсіби күзет қызметі жұмыс істейді. Жауапты мамандар лагерьге келген әрбір оқушыны адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеп, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып, саламатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін арттыруға баулитынын айтады. Ол үшін лагерьде тәрбиеші, психолог, медбике және пән мұғалімдері жұмыс атқарады. Лагерьдің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексерілетін болады. Оқушылар 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Жалпы, оқушылардың жазғы демалысын тиімді әрі мағыналы өткізуіне барлық жағдай жасалған.
Ал Мақтаарал ауданында «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» жанындағы жазғы сауықтыру лагері күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ғимараттың шатыры, едені, терезелері мен есіктері толық ауыстырылып, қазіргі заман талабына сай жаңғыртылған. Асханасы сырланып, санитарлық-гигиеналық талапқа сәйкестендірілді. Балалардың жайлылығы үшін жаңа жуыну бөлмелері орнатылды. Жазғы маусымда бұл лагерь 8 ауысым бойынша 1 500-ге жуық баланы қабылдап, әрқайсысына 10 күндік демалыс ұйымдастырады. Лагерьде балалар үшін мәдени-спорттық шаралар, шығармашылық үйірмелер, интеллектуалдық ойындар, экологиялық және тәрбие сағаттары өткізу жоспарланған.
Түркістан облысы