
Жаңа шағын ауданда алғашқы тұрғындары үйлеріне қоныстанып үлгеріпті. Өткен жылдың соңына қарай 15 екі пәтерлі үй, бір 12 пәтерлі екіқабатты үй пайдалануға берілді. Үйлердің бәрі орталық коммуникацияларға қосылған. Жылу желісі, су құбыры, кәріз, электр қуаты бар.
Мұндағы мақсат – тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, олардың тұрмыс сапасының жақсаруына қолдау көрсету, пәтер кезегін азайту. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған 314 отбасы бар.
«Тұрғын үй мәселесін шешу, тұрғындарды апатты үйлерден көшіру мақсатында өткен жылы Ақтоғай ауылының солтүстік-шығысында жаңа шағын ауданның құрылысы басталды. Тұрғын үй кезекте тұрғандар арасында бөлінеді. Мұнымен қоса, былтыр Шашубай кенті мен Ақтоғай ауылында 120 отбасы пәтерге ие болып, қоныстойын тойлаған. Қоныс иелерінің арасында жас мамандар да бар», дейді Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.
Аңсаған Қабыхан туған ауылына келіп, мектепте сабақ беріп жүр. Биыл жаңа пәтерге қол жеткізген оның қуанышында шек жоқ.
«Бұл күнді отбасымызбен ұзақ күттік. Екеуміз де мектепте жұмыс істейміз. Өзім информатика пәнінен сабақ беремін, жұбайым – бағдарламашы. Әзірге екі баламыз бар. Биыл қаңтар айында осы жаңа үйдегі пәтерімізге көштік. Үй қыста жылы, өмір сүруге өте ыңғайлы. Үкіметтің қамқорлығына, аудан әкімдігіне дән ризамыз», деген қуанышымен бөлісті А.Қабыхан.
«Жаңа үйге былтыр 15 желтоқсанда кірдім. Қыста жылы, жайлы, жарық. Өзім аудандық Мансап орталығында ассистент болып жұмыс істеймін. Кезекте 3-4 жылдай тұрдым. Бір ұлым, бір қызым бар. Үй ұнады, мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін ұсынған әкімдікке алғысым шексіз», дейді Ақтоғай кентінің тұрғыны, жаңа пәтерге қол жеткізгендердің бірі Ардақ Әлібекқызы.
Биыл да мұнда құрылыс жалғасып жатыр. Тағы 14 екі пәтерлі үй мен 12 пәтерлі екіқабатты бір үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек, инженерлік желілер, атап айтсақ, қазандық, су құбыры, кәріз, электр желілері тартылып жатыр. Оның алдында талапқа сай екеніне көз жеткізу мақсатында тексеріс жүргізіледі.
Шашубай, Сарышаған кенттерінде де тұрғын үй мәселесі оңынан шешіліп келеді. Қазір Шашубайда 70 пәтерге қайта жөндеу жүргізіліп жатыр. Сарышағанда 12 пәтерлі екіқабатты тұрғын үйді жақын мерзімде тапсыру көзделген.
«Қазір жұмыс аяқталуға жақын. Орталық жылуға биыл қосылады. Пәтерлерді әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға ұсынамыз. Үйлерді жекеменшік компаниялар салып жатыр. Жергілікті билік сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларға береді. Бұл – тиімді тәсіл. Үйге 3 жылға кепілдік беріледі. Кемшілік шықса, құрылыс компаниясына ескерту жасалады, олар өз тарапынан тиісті жұмыс жүргізеді. Бір шаршы метрдің бағасы – 230 000 теңге. 12 пәтерлік екіқабатты үй жалпы 650 шаршы метр көлемінде. 3 бөлмелі пәтердің ауданы – 58 шаршы метр. Яғни құны шамамен 11–12 млн теңге. Жылу, су, электр жүйесі толықтай орталықтандырылған», дейді аудан әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев.
Аудандағы өзекті мәселенің бірі – жолдарды жөндеу. Былтыр «Ақтоғай-Ақжарық» жолының құрылысы қолға алынған. Бүгінгі күні 20 шақырымына асфальт төселді. Биыл тағы 15 шақырым жол жаңартылады. Одан бөлек, маусым айында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында танымал туристік орын Бектау ата шатқалына кіреберіс жолды жөндеу басталады. Шашубай, Сарышаған, басқа да елді мекендерде орталық көшелерді абаттандыру жүргізіліп, кентішілік жолдар жөнделіп жатыр.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы