Бокс • Кеше

Боксшылар жетістігі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нидерландтың Эйндховен қаласында өткен ха­лық­аралық турнирде елі­міздің боксшылары та­бысты өнер көр­сетті. Финалға шық­қан бес жігітіміз де қар­сыластарын еркін ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Боксшылар жетістігі

Жеңісті жолды Да­ниял Сәбит (50 кг) бастап, моңғол Ал­дархишиг Батулгадан басым түсті. Көп кешікпей рингке Абы­лайхан Жүсіпов көтерілді. Әлем чемпионатының үш дүр­кін қола жүлдегері тым күш­ті қарсыласқа тап болды. Өзбек­стан­ның үкілеген үміті Асад­худжа Муйдинхуджаев 2023 жылы Таш­кентте әлем чемпио­ны, былтыр Парижде Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Екі саңлақ бірден ашық айқасқа барды. Екінші раундта Абылайханның қабағы жарылды. Дәрігерлер жерлесімізге жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеді. Ережеге сай дәл сол сәтке дейін кімнің ұпайы көп болса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте А.Жүсіповтің жолы болды.

Ерасыл Жақпеков (80 кг) пен Дәулет Төлемісов (80 кг) Украинаның өкілдерімен қол­ғап түйістірді. Бұл бәсекелерде біздің жігіттердің басымдығы анық байқалды. Ерасыл Артур Касьяновты оңай еңсерсе, Дәулет Микола Лактионовқа адым аштырмады. Алыптардың айқасы Нұрлан Сапарбайдың (+90 кг) жарқын жеңісімен аяқталды. Кездесу барысында германиялық Денис Охьоны екі рет нокдаунға жіберген жампозымыз бас жүл­дені қан­жығасына байлады. Ертуған Зейнуллинов (65 кг), Са­быржан Аққалықов (75 кг), Сағын­дық Тоғамбай (90 кг) қола медальды еншіледі.

Сөйтіп, қызғалдақтар елінде жалауы желбіреген жарыста 5 алтын, 3 қола медаль олжа­ла­ған елі­міздің ұлттық құрамасы жал­пы командалық есепте жеке-дара көш бастады.