
Чечхонда еліміздің құрамасы алғашқы медальды командалық көпсайыста жеңіп алды. Команда құрамында Нариман Кұрбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Роман Маменов, Ілияс Әзізов, Әлішер Тойбазаров өнер көрсетті. Олар 240.301 ұпай жинап, үшінші сатыға табан тіреді. Алғашқы екі орынды Жапония (253.002 ұпай) мен Қытай (248.265) иеленді. Одан кейін Милад Карими (14.400) еркін жаттығуда күміспен күптелді. Отандасымыз Филиппиннің мақтанышы, Париж Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Азия біріншілігінде 17 рет (11 алтын+2 күміс+4 қола) жеңіс тұғырына көтерілген Карлос Юлодан (14.600) ғана қалып қойды. Қола медальды Оңтүстік Кореяның оғыланы Мун Гын Ён (14.033) еншіледі.
Жарыс нағыз қызған шақта Нариман Құрбанов (14.933 ұпай) барша қазақ жанкүйерін қуантты. Былтыр Парижде алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медальды мойнында жарқыратқан жерлесіміз «ат» жаттығуында алдына жан салмай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші, үшінші орындарда – Вун Хур (Оңтүстік Корея) мен Дан Нгок Тхен (Вьетнам) – 14.233. Сөйтіп, жерлестеріміз биылғы жылғы құрлық чемпионатын 3(1 алтын+ 1күміс+1 қола) жүлдемен қорытындылап, жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді. Алдымызда – Жапония (3+3+0) мен Қытай (1+3+1).
Еліміздің жастар құрамасы да жалпы есепте үшінші орын алды. Біздің жігіттер 2 алтын, 1 күміс, 1 қоланы олжалады. Атап айтсақ, Нұртан Ыдырысов пен Роман Хегай өз жаттығуларында теңдессіз деп танылса, Нұртан тағы бір сайыста күміске қол жеткізді. Қола медальды жас өрендеріміз командалық көпсайыста иеленді.