
2025 жылдың мамыр айында еліміздің электрондық еңбек биржасы — Enbek.kz порталы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы аралық көпір ретіндегі қызметін белсенді түрде жалғастырды.
Аталған айда Enbek.kz жүйесінде 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл – сәуір айымен салыстырғанда бос орындар саны 11,8%-ға, ал түйіндеме 4,3%-ға азайғанын білдіреді.
Әдеттегідей, еңбек нарығында ең көп кадр сұранысы білім беру саласына тиесілі болды – мұнда 15 мыңнан астам бос орын тіркелген. Бұдан кейін қызмет көрсету саласының басқа түрлері (10,7 мың), сондай-ақ құрылыс саласы (8,5 мың) сұраныс жағынан көш бастап тұр. Жұмыс орындары негізінен ірі қалалар мен агроөнеркәсіптік аймақтарда шоғырланған.
Мамыр айында орташа білікті мамандар қатарына деген сұраныс ұсыныстан 16%-ға асып түскен. Бұл – кәсіптік білім алған мамандардың қазіргі нарықта бағасының артып келе жатқанын көрсетеді. Ал жоғары білікті лауазымдарға керісінше, үміткерлер саны көп, бірақ нақты ұсыныс аз – бұл өз кезегінде бәсекенің күшейіп отырғанын аңғартады.
Жұмыс берушілердің белсенділігінен Астана қаласы бірінші орынға шықты. Жалпы бос орындардың 11,5%-ы осы өңірге тиесілі. Одан кейін Түркістан (7,5%) мен Павлодар (7,1%) облыстары орналасқан. Алайда бірқатар өңірлерде жұмыс орындарының саны күрт қысқарған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында – 36%, Алматы қаласында – 35%, Маңғыстауда – 34%, ал Ұлытау облысында – 25%-ға төмендеген.
Жұмыс іздеушілер арасында 34 жасқа дейінгі жастар ең белсенді санат ретінде тіркеліп отыр – жалпы түйіндемелердің 44%-ын құрайды. Бұл шамамен 48,6 мың үміткер деген сөз. Одан кейінгі орында орта жастағылар (37%). Жыныстық ара салмаққа келсек, әйелдердің үлесі – 52,8%, ерлер – 47,2%.
Жұмыс іздеушілер белсенділігінің ең елеулі төмендеуі Алматы қаласында тіркелді — 28%-ға кеміген. Ал басқа өңірлерде бұл көрсеткіш 15%-дан аспаған.
Мамыр айында да тәртіп сақшыларына (1,8 мың бос орын), медбикелерге (1,7 мың) және жүргізушілерге (1,5 мың) деген тұрақты сұраныс сақталды.
Жалақы бойынша ең жоғары ұсыныстар:
-
Тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары – орташа 788 мың теңге,
-
Бас құрылысшы – 662 мың теңге,
-
Бұрғылаушы-инженер – 605 мың теңге.
Ал жұмыс іздеушілер арасында жалақыға қатысты ең жоғары күтімдер:
-
Ұшқыштар – орта есеппен 2,3 млн теңге,
-
IT жобалар жетекшілері – 1,2 млн теңге,
-
Өндіріс учаскесі басшылары – 1,1 млн теңге.
Мамыр айының еңбек нарығындағы көрінісі – сұраныс пен ұсыныстың арақатынасында табиғи теңгерім бар екенін, алайда кей салаларда кадр тапшылығының сезілетінін көрсетеді. Жастардың белсенділігі мен орта білікті мамандарға деген сұраныс – қазіргі еңбек нарығының басты ерекшелігі. Ал жалақыға қатысты үміт пен нақты ұсыныс арасындағы алшақтық кәсіби тәжірибе, біліктілік және еңбек өтіліне тікелей байланысты екені анық. Еңбек нарығындағы мұндай динамиканы қадағалау – елдегі адами капитал сапасы мен экономиканың нақты секторларындағы өзгерістерді түсінуге мүмкіндік береді.