Медицина • Кеше

Отбасылық дәрігерлер ұлықталды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің астанасында  «Жалпы практика дәрігері – медициналық-санитариялық алғашқы көмектің көшбасшысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынның негізгі мақсаты – жалпы практика дәрігерлерінің кәсіби әлеуетін нығайтып, халық денсаулығын сақтаудағы рөлін арттыру, деп жазады Egemen.kz.

Отбасылық дәрігерлер ұлықталды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтау сөзінде жалпы практика дәрігерлері – медициналық жүйенің халыққа ең жақын, әрі маңызды буыны екенін атап өтті.

«Бүгінде елімізде 6 мыңға жуық медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) субъектісі азаматтарға қызмет көрсетіп отыр. Амбулаториялық ұйымдарда тіркелген учаскелердің 80 пайыздан астамы жалпы практика дәрігерлеріне бекітілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл отбасылық қызмет көрсету қағидатын толық іске асыруға жол ашады», деді ведомство басшысы.

Жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова да МСАК саласының стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы медициналық көмекті дамыту – тек еліміз үшін ғана емес, жаһандық деңгейдегі денсаулық сақтау саясатының басым бағыты.

«Жалпы практика дәрігерлері – денсаулық сақтау қызметтерін халыққа барынша қолжетімді ететін басты бағыттаушылар. Олар тек науқасты емдеумен шектелмейді, қоғамның денсаулық мәдениетін қалыптастыруға да өлшеусіз үлес қосып отыр»,  деді ол.

Конференция барысында отандық және шетелдік сарапшылар халықпен жұмыс жасауда инновациялық тәсілдерді енгізу, дәрігерлік қызметтің сапасын арттыру, ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану, дәрі-дәрмекпен қамту және кадрлық әлеуетті көтермелеу секілді мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Атап айтқанда, МСАК тиімділігін арттыру, жалпы практика дәрігерлерінің қызметін жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру, заманауи технологияларды енгізу, дәрігер еңбегін ынталандыру мен қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағыттары кеңінен сөз болды.

Іс-шара аясында еліміздің әр өңірінен келген үздік 48 жалпы практика дәрігері кәсіби жетістігі мен халыққа сіңірген еңбегі үшін арнайы марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған дәрігерлер бар.

Конференция офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, 400-ден астам медицина қызметкерлерін қамтыды. Қатысушылар қатарында Парламент депутаттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, медициналық мекемелер мен кәсіби бірлестіктердің өкілдері болды.

Бұл басқосу жалпы практика дәрігерінің кәсіби мәртебесін көтеріп, МСАК саласындағы реформаларды одан әрі тереңдетуге жаңа серпін берді.